ЖАҢА ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ САЯСАТ ЖЕТІСТІКТЕРІ

2011 жылы-ақ Қазақстан ІЖӨ-нің инвестицияға арақатынасы бойынша алдына тек Үндістан мен Қытайды салып, әлемде үшінші орынға көтерілді.
Бұл мемлекеттің инвестициялық саясатқа ерекше көңіл бөлетінін айғақтайды.
«Қазақстан-2050» стратегиясында экономикалық саясаттың жаңа бағытының басты принциптері – инвестицияның табыс әкелуі және өзін-өзі ақтауы деп атап көрсетілген болатын, сондай-ақ еліміздің экономикалық әлеуетін арттыру үшін қолайлы инвестициялық климат қалыптастыру жөнінде мәселе қойылды.
Бұған қажетті барлық сыртқы және ішкі жағдайлар жасалды. Бүгінде баршаға белгілі, бейбітшілік пен келісім саясаты тікелей экономикалық әсер береді. Ішкі тұрақтылық инвесторлардың сенімін бекіте түсуге септігін тигізеді. Қазақстан сондықтан да инвестиция тарту бойынша көшбасшы, өйткені елімізде бейбітшілік пен келісім орныққан.

2013 жылы Қазақстанға инвестиция тарту үшін қолайлы деп табылатын елдердің тізімі жасалды. 2014 жылы маусым айында инвестициялық заңнамаларға өзгерістер енгізілді. Дамыған елдердің азаматтары үшін визасыз режим жүйесі іске қосылды.

2016 жылы мамыр айында Астана экономикалық форумында Елбасы алдыңғы қатардағы трансұлттық корпорациялармен іскерлік байланыстар орната алғанымызды жариялады. Тәуелсіздік жылдарында Қазақстанға 255 миллиард доллар тікелей шетелдік инвестиция тартылды. Бұл – біздің елімізге және жүргізілген реформаларымызға деген сенімнің көрінісі.
Неғұрлым ірі инвесторлар қатарында Еуроодақ пен АҚШ бар.
Енді әлеуетті инвесторлар өз елдерінде отырып-ақ қажетті ақпараттарды алуына болады. Американың, Еуропаның және Азияның жетекші елдеріндегі Қазақстанның бірқатар елшіліктерінде өңір бойынша өкілеттіктері бар инвестиция жөніндегі кеңесшілер тағайындалды. Бұдан өзге Майндағы Франкфурт, Ыстанбұл, Бейжің, Вашингтон және басқа қалаларда «KAZNEX INVEST» экспорт және инвестиция жөніндегі Ұлттық агенттіктің
өкілдіктері ашылған.

2016 жылы шетел инвестицияларын тартуда ең жоғары көрсеткішке қол жеткіздік – 14 миллиард доллардан астам (бұрынғы көрсеткіш – 13 миллиард 2008 жылы, әлемдік қаржы-экономикалық дағдарыс басталғанға дейін болған) инвестиция келді. Негізгі инвестициялар тау-кен өндіру және өңдеу кәсіпорындарына, геологиялық барлау жұмыстарына бағытталды.
Бұл – жаһандық бизнес Қазақстанның тұрақты болашағына толық сенім білдірді деген сөз.