ӨНДІРІСІ ӨРКЕНДЕГЕН ЕЛ
Елбасы 2015 жылы шілдеде Екінші бесжылдықтың неғұрлым нақтыланған жұмыс жоспарын жасады. Алдыңғы қатарға – металлургиялық кешен, тамақ және химия өнеркәсібі, өнеркәсіп құрал-жабдықтары, құрылыс материалдары шықты.
2015 жылдың шілдесінде алюминий (Алматы облысы), полимер өнімдері (Атырау облысы), кеуекті титан (Шығыс Қазақстан облысы), ауыл шаруашылығы, көлік және коммуналдық техника (Солтүстік Қазақстан облысы), Daedong корей компаниясымен бірлескен трактор шығару (Оңтүстік Қазақстан облысы) өндірісі іске қосылды. Қайта қалпына келтірілген №3 домна пеші (Қарағанды облысы), күн сәулесінен қуат алатын «Solar-1» электр
стансасы (Жамбыл облысы), Каспийдегі Құрық айлағына апаратын Боржақты – Ерсайтеміржолы (Маңғыстау облысы) жұмысын бастады.
2016 жылы металлургия, мұнай өңдеу, машина жасау, құрылыс индустриасында ірі сала түзуші өндіріс құрылды. Өңдеу саласына тартылған шетелдік инвестиция мөлшері артты. Бір жылдың ішінде 130 индустриалды жобалар қатарға қосылды, 10 мыңнан астам жұмыс орны
ашылды. Олардың ең бастылары: Қарағанды облысындағы Көктасжал мыс, алтын, күміс концентратын өндіру комбинаты; Алматы облысындағы шойынды қайта құю кешені; Маңғыстау облысындағы бұрандалы қосылыстар зауыты; Батыс Қазақстандағы экокласты бензин өндірісі;
Оңтүстік Қазақстан облысындағы құю зауыты.
Атырау облысындағы Қашаған кен орнынан мұнай өндіруді қайта жаңарту аса маңызды болды. Бұл кен орнының ашылуы – әлемдік энергетика саласында 50 жылдың ішінде болған ғаламат оқиға еді. Енді оның тезірек жобалық қуатпен жұмыс істеуін қамтамасыз ету маңызды болды.
2017 жылы Павлодар облысында темір жол доңғалақтары өндірісі мен Қызылорда облысындағы табақ шыны өндірісі жолға қойылды. Индустриаландырудың алты жылы ішінде елде 900 жаңа кәсіпорын қатарға қосылды, бұлар, сөз жоқ, қазақстандықтардың жағдайын жақсарта түсті.
2010 жылдан бастап, өнім өңдеуші секторға тартылған инвестиция көлемі 26 миллиард доллардан асты. Тікелей шетелдік инвестицияның әрбір бесінші доллары өнім өндіруге жұмсалады. Қазіргі таңда қазақстандық өнімдер 112 елге экспортқа шығарылады. 5,5 триллион теңгенің 1080 жобасы енгізілді, 101 мың тұрақты жұмыс орындары құрылды. Еліміздің экономикасының қуат сыйымдылығы 15 проценттен аса төмендеді.
Ілкімді ұмтылыс нәтижесінде, Қазақстан ІЖӨ-ні 3 есеге жуық (2009 жылғы деңгеймен – 17-ден 46,9 триллион теңгеге дейін) өсірді, өнеркәсіп 2 еседен аса өсті (9,1-ден 19 триллион теңгеге дейін), өңдеуші кәсіпорын 2,7 есе өсті (2,9-дан 8 триллион теңгеге), жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың саны 188,8-ден 236,1 мың бірлікке дейін, инновациялық өнімдерді өндіру 5 есе (82,6-дан 445,8 миллиард теңгеге дейін) артты.