ӘЛЕМГЕ ЕСІК АШҚАН «БОЛАШАҚ»

Экономикалық өсім жағдайында халықаралық «Болашақ» стипендиясын кеңейтуге мемлекетімізде жаңа мүмкіндіктер пайда болды. 2000 жылы техникалық және инженерлік білімі бар қазақстандықтар стипендия алу
мүмкіндігіне қол жеткізді.

2005 жылдың сәуірінде Үкімет «Халықаралық бағдарламалар орталығын» құрды. 1994–2004 жылдар аралығындағы 10 жыл ішінде 800-ге жуық адам стипендиат атанса, 2005–2006 жылдары бакалавриат және магистратура бағдарламасы бойынша «Болашақ» стипендиясы 2,5 мың жас қазақстандыққа табыс етілді.
Бағдарлама географиясы да кеңейе түсті: стипендиаттар баратын елдер мен оқитын университеттер саны артты. Баруға ұсынылатын оқу орындарының қатарына Еуразия аймағының және Шығыс, Оңтүстік-Шығыс Азия
елдерінің алдыңғы қатарлы университеттері енгізілді. Стипендиаттар отызға жуық елде білім алып жатты. Мұнай-газ ісі, энергетика және т.б. басымдыққа ие мамандықтар тізімі көбейе түсті.

2008-2012 жылдар аралығында мемлекет «Болашақ» бағдарламасының мүмкіндіктерін кеңейте түсу жөнінде нақты шаралар жасады. Ғылыми тағылымдама бағдарламасы ашылды. Сондай-ақ жоғары білімнің ұлттық
жүйесінің өскелең деңгейі ескеріліп, бакалавриат бағдарламасы тоқтатылды. Енді «Болашақ» бағдарламасы елге қажетті мамандықтар бойынша магистрлар мен докторанттарды дайындауға қайта бағытталды.
Адам капиталының өсуіне қамқорлық жасау Қазақстанның тәуелсіздік алған сәтінен мемлекеттің басым міндеті саналып келеді. Ұлттың бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін адам әлеуетін дамытуға күш салу әрекеті өз
жемісін берді.
«Болашақ» бағдарламасының арқасында мыңдаған дарынды жас қазақстандық мемлекет есебінен әлемнің үздік университеттерінде жоғары деңгейлі білім алды. «Болашақ» жастар үшін шынайы әлеуметтік баспалдақ
бола алды.