«1 мамыр – Бірлік күні» Қазақстанға керек пе?
«Бірлік күнін атап өту Совет үкіметі саясатынан әлі де баз кешпегенімізді білдіреді».
Бүгін 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі, ынтымақтастығы күні. Бұл мерекенің тарихы әу баста Еңбекшілердің ынтымақтастығы күні ретінде атап өтілгені көпке мәлім. Ал еліміз тәуелсіздік алып, егемендікке қол жеткізгелі мерекенің көркемдік атауы мен мағынасы өзгеріп, бұл күн Қазақстан халқының бірлігі күні ретінде тойлана бастады. 1 мамырды Қазақстан халқының бірлігі күні деп жариялау туралы бұйрыққа Нұрсұлтан Назарбаев 1995 жылдың 15 қазанында қол қойды. Алайда аталмыш мерекені атап өтуге қатысты бүгінде ел пікірі екіге бөлінген. Кейбіреулер оны атаулы күн деп есептейді, ал кей қоғам белсенділерінің көкейінен күдік сейілмей тұр. Мұның себебін Qamshy.kz ақпарат агенттігінің тілшісі ұлтшыл азаматтардың өздерінен сұрап көрді.
«Еңбекті насихаттайтын бір мейрам болса…»
Саясаттанушы Айдос Сарым 1 мамырды атап өтудің еш қажеттілігі жоқ дейді. Себебі, Айдос Сарымның айтуынша, бұл күннің астарында Совет үкіметінен қалған идеолоия жатыр.
– Мейрамның идеясын, идеологиясын әлі күнге түсінбеймін. Бұл өзі Совет заманында идеологиялық мақсатқа жұмыс істеген мейрам болатын. Бүгінгі күні кез келген қазақ азаматынан мейрамның маңыздылығын сұрасаң, ешкім нақты жауап бере алмайды. Әйтеуір, демалатын бір күн екенін ғана біледі. Біріншіден елімізде мейрамның саны көп. Экономикасы ақсап тұрған елге маңызы жоқ мейрамдар үшін демалудың, сол күнге арнап мемлекеттік бюджеттен ақша жұмсаудың қажеті жоқ. Екіншіден, соның өзінде мейрам керек десек, халықты еңбекке баулитын, еңбектің құндылығын паш ететін, соны насихаттайтын мейрам етіп өзгертуе болады. Бірақ ол үшін демалудың қажеті жоқ. Ақшамызды қайда жіберерімізді білмей, демалысты қажет ететін экономикасы дамып кеткен ел емеспіз. Сондықтан оны мейрамдар қатарынан қазір алып тастасақ, ешкім аузын аша алмайды, – деп дөп басып айтты саясатанушы.
Бұған қоса ұлтшыл азамат осы сарындас бірнеше мерекеге тоқталып өтті.
– Мәселен, 9 мамырды Жеңіс күні дейміз. Оның өзінде бір басқаша ой жатқандай өзгерісті талап етеді. Меніңше, мейрам етіп, оны атап өуді тоқтатуымыз керек. Зұлмат соғыстан қайтпай қалған қаншама азаматтар бар. Солардың денесін іздеп тауып, құран бағыштасақ жетіп жатыр. Жалпы Совет үкіметінен қалған мейрамдарға тың өзгеріс, тың бағыт қажет-ақ. Жаңа мемлекет, жаңа дәстүр қалыптастырып отырмыз. Саяси компромис ретінде қалып қойған мейрамдарды өзгертіп, жаңа бағытқа, ұлтқа жөн сілтейтін, елді жаңа қоғам қалыптастыратын мәселелерге баулуымыз керек, – деп түсіндірді Айдос Сарым.
«Бірлік күнін атап өтуде «Рухани жаңғырудың» исі де жоқ»
Қазақстан халқы Ассамблеясы Ғылыми-сараптамалық кеңесінің мүшесі, саясаттанушы Дос Көшім де бұл мерекені атап өтудің, мереке ретінде есептеудің қажеттілігі шамалы дейді. Себебі Бірлік күнінің қазақ тарихына, Қазақстан тарихына еш қатысы жоқ. Тіпті 1990 жылдары аталмыш мерекені қазақ күнтізбесінен алып тастау үшін талпынған әрекеттерін есіне түсірді.
– Бұл бұрынғы коммунистік партия, тоталитаризм кезіндегі идеологиялық тұрғыда еңбекшілердің ынтымақтастық күні деп атап кеткен күн. 1 мамыр – ынтымақтастық күні және 7 қараша – Қазан революциясы күні Совет үкіметі тұсында ең негізгі мейрамдар болған. Біз 1989-90 жылдары алғаш партия құрған уақытта «бұларды атап өтпейік» деген ниетпен біраз әрекеттенгенбіз. Түн жамылғанда көшелерге «1 мамыр мен 7 қарашаны тойлмаймыз! Бұл – коммунистердің мейрамы!» деген жазуы бар үн парақ ілгеніміз есімде. Сол уақыттан бері қарсымын. Бірақ өкініштісі, тәуелсіздік алғаннан кейін де үкімет басына коммунистік партияда басшылық қызметте болғандар келді де, мерекелер де сол күйі қалды. Әсіресе, халықтар достастығы деп есептеп жүрген 1 мамыр. Қысқасы мұны Совет үкіметіндегі психологиялық менталитетті қалдырудың жолы деп есептеймін. Совет үкіметі тұсындағы мереке күндерін ұлттық танымдағы мерекелермен алмастыруға болар еді. Алайда рухани жаңғыруды көздеген мемлекетті, билікті көріп тұрғаным жоқ. Тіпті, рухани жаңғырудың исі де жоқ, – деген Дос Көшім Совет үкіметі тұсындағы көше атауларынан қалай құтылсақ, мерекелерінен де дәл солай бас тартуымыз керек деп қорытындылады. Себебі бірлік күніне арнап белгілі бір күнді белгілеудің қажеті жоқ. «Қазақ халқы мерекесіз-ақ татулықта өмір сүріп келеді», – дейді саясаттанушы.
Тіл күрескері Руза Бейсенбатегінің пікірі жоғарыдағы қоғам беленділерінің пікірінен алшақ болмады. Руза ханым Бірлік күнін атап өту арқылы Совет заманынан әлі де қол үзбегенімізді білдіреді деп есептейді.
– Бұрынғыдан айырмашылығы – Совет үкіметі тұсында бірінші мамыр күні демонстрацияға шықпасаң, жазаланатынсың. Бірақ мекемелерді әл күнге дейін алаңға шығуға міндеттейді. Құр шығын, бос әурешілік. Билік бұл күнді басқаша көркемдегенімен, мағына өзгермеген. Тек Ассамблея күні деген тақырыппен көпшілік назарына ұсынылды. Алайда Ассамблеяның не істеп, не қойып жатқанынан халық хабарсыз, – деді Руза Бейсенбайтегі Qamshy.kz ақпарат агенттігінің тілшісіне.
«Халық арасында бірлік, ынтымақтастықты еске салып отыру керек»
Қазақстан – көп ұлтты мемлекет. Елде 150-ден астам ұлт өкілдері бір тудың астында тату-тәтті өмір сүріп келеді. Ал 1 мамыр – Бірлік күні Қазақстанда тұратын халықтарды бірлікке, ынтымаққа шақырады, естеріне салатын таптырмас күн. Әрі маңызы зор күн.
Дәл осындай пікірідегі азаматтардың қатары көп. Бірлік болмаса, елден береке қашады деп есептейді олардың дені.
Мәселен Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, жазушы Камал Әлпейісова Бірлік күніне күдікпен қарайтын қоғам белсенділерінің ойымен мүлде келіспейді. Оның атйуынша, Совет үкіметі тұсындағы түсініктен тәуелсіз Қазақстан әлдеқашан арылған.
–Бірлік деген ұғым кез келген мемлекет үшін ең бірінші қатарда тұруы керек. Ел ауызбіршілігі болмаса, береке де болмайды. Бұл Қазақстанда тұратын өзге ұлттар үшін емес, ең әуелі өзімізге, қазаққа керек. Елде қақтығыстар болса, таяқтың ұшы қазақстандық орысқа не өзбекке емес, тек қазаққа тиеді. Сол себепті бұл күнді өте маңызды деп есептеймін. Оның да сасяи да, адами да астары бар. Бұл тұста қазақ халқының бірлігі үшін Ассамблея да тиісті жұмыстар атқарып жатыр. Қазақтың басынан талай зұлмат өтті, соның салдарынан көп ұлтты ел болдық. Бірақ жер біздікі, ел біздікі, осындағы тіршілікті әрі қарай жақсы дамыту үшін бірлік әсте керек. Сондықтан Ассамблея халықтың басын құрап, ауызбіршілікте өмір сүру мақсатын алға тарту үшін құрылған.
Бірлігімізді жарқыратып көрсететін күн болуы тиіс. Бұл күнді тойлауға мен де қарсымын, алайда халықтар арасындағы достықты, бірлікті еске салып отыру қажет деп ойлаймын, – деді Камал Әлпейісова.
Qamshy.kz ақпарат агенттігі мемлекетте ресми бекітілген Бірлік күнімен оқырманын құттықтай отырып, мерекенің ел мүддесіне жұмыс істеудегі рөліне тоқталып өтуді жөн көрді. Әр белсендінің пікірін оқыған оқырман дұрыс-бұрысын өзінше саралап алар деген ниетпен.