145 МЫҢНАН АСТАМ ТАЛАПКЕР ҰБТ ТАПСЫРДЫ
2021 жылы 145 мыңнан астам талапкер Ұлттық бірыңғай тестілеуді тапсырды. ҰБТ алғаш рет электрондық форматта өтті. Осы жаңашылдықтың және балалардың қауіпсіздігі мен әлеуметтік қашықтықты қамтамасыз ету бойынша жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде аймақтарда коронавирустың өршуіне жол берілмеді.
Тестілеу қорытындысы бойынша 88 мыңнан астам талапкер шекті балл жинады, бұл қатысушылардың жалпы санының шамамен 60%-ын құрайды. Тестіленушілердің 57 187-сі немесе 39,4%-ы шекті балл ала алмады. Ең жоғары балды (140 балл) Павлодар қаласының талапкері жинады. 1923 оқуға түсуші 120 балдан жоғары нәтижеге қол жеткізді.
Тестілеуді 109 693 немесе 75,5% түлек қазақ тілінде, 35 245 немесе 24,3% орыс тілінде тапсырды. ҰБТ орташа балы 69,08 балды құрады, бұл өткен жылдың көрсеткішінен 5 балға жоғары. Түлектер ҰБТ-ны 4 рет тапсыратынын естеріңізге сала кетейік.
Талапкерлерге тестілеуді екі рет тапсыруға және білім беру грантын тағайындау конкурсына үздік нәтижені ұсынуға мүмкіндік берілгендіктен биылғы тестіленушілер жоғары нәтижеге қол жеткізді деп айтуға болады. Қабылданған шаралар талапкерлердің арасында ҰБТ-ға дайындық кезінде эмоционалды шиеленіс пен стресс деңгейін төмендетті.
«Электрондық форматтағы тестілеудің бірқатар артықшылығы бар. Ол тестілеуді тапсырудың ашықтығын қамтамасыз етеді. Біз нұсқалар мен дұрыс жауаптар кодтарының бірегейлігін ойластырдық. Яғни, әр нұсқа кездейсоқ таңдау арқылы өтініш беруші қосымшада рұқсат алған кезде жасалады. Бұл тест нұсқалары қайталануының алдын алып, дұрыс жауаптар кодтарының сәйкес келу ықтималдығын да жойды. Түлектер ҰБТ-ны бұрынғыдай бір аптаның көлемінде емес, екі айдан астам уақыттың ішінде тапсыра алады. Сонымен бірге түлектерге екі мүмкіндік берілген», –деді ҚР БҒМ Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаментінің директоры Әділет Тойбаев.
Биылғы ҰБТ-ның тағы бір жаңашылдығы – түлектер өз нәтижелерін тестілеу аяқталғаннан кейін бірден біле алады. Жиналған ұпай саны экранда көрсетіледі. Сонымен қатар талапкер дұрыс емес жауап берген сұрақтарды бірден көреді. Тестілеу қорытындыларымен келіспеген жағдайда талапкер бұрынғыдай келесі күнді күтпей-ақ дереу апелляцияға электрондық форматта өтініш береді.
«ҰБТ-ның жаңа форматында апелляцияға өтініш беру өте ыңғайлы. Яғни, түлектердің тестілеу аяқталғаннан кейін жарты сағат ішінде жауаптармен келіспеген жағдайда бірден апелляцияға беру мүмкіндігі болды. Сондай-ақ биыл калькуляторлар компьютерлерде қолжетімді. Балалар сұрақтан сұраққа ауысып, бұрынғыдай дұрыс жауаптар шеңберлерін бояуға уақыт жоғалтпайды», – деп атап өтті Әділет Тойбаев.
Білім беруде ерекше қажеттіліктері бар балаларға да жағдай жасалды. ҰБТ-ға мүмкіндігі шектеулі 90 бала қатысты. Олар үшін аудиториялар мен жеке көмекшілер ұйымдастырылды.
Сондай-ақ 15-17 маусым аралығында ҚР азаматтары болып табылмайтын ұлты қазақ адамдар үшін онлайн тестілеу өткізілді. Нәтижесінде өтініш берген 1143 адамның 994-і тестілеуге қатысты.