2002-2003 ЖЫЛҒЫ ЖОЛДАУЛАР ДАМУДЫҢ ӨЗЕКТІ БАҒЫТТАРЫ
2002 жылдың 16 сәуірінде жариялаған Жолдаудың маңыздылығы – Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 10 жылдық айтулы мерекесінен кейін жарық көруінде еді. Жолдаудың негізгі тақырыбы ауыл шаруашылығына арналды. Ауыл шаруашылығындағы қордаланып қалған мәселелерді бір маусым ішінде шешіп тастап, ұзақ мерзімді ілгерілеуге қол жеткізу мүмкін емес, сондықтан 2003 пен 2005 жылдар аралығындағы үш жыл ауылды қайта өркендету жылдары деп жарияланды. Ауыл – халқымыздың өмір салты, тыныс-тіршілігі, мәдениетіміздің бастауы, салт-дәстүріміз бен рухани байлығымыздың қайнар көзі. Осы факторлар жиынтығының өзі ауыл мәселесіне біздің аса байыппен қарауымызды талап етеді.
Ауыл шаруашылығы мен ауыл тұрғындарының мәселелерін шешу үшін Үкімет пен жергілікті органдарға нақты тапсырмалар берілді. Жоғарыға қарап алақан жаюшылық пен бас-басына субсидия берудің, қайтарымсыз қаражат бөлудің орнын енді әр адамның өзін-өзі асырауға, сөйтіп отбасын қамтамасыз етуге қолайлы жағдай туғызатын саясат басады. Ішкі көші-қонның және ауыл тұрғындарын келешегі бар аумақтарға қайта орналастырудың оңтайлы үлгісін анықтау қажеттігі де туындайды. Үкіметке агроөнеркәсіп кешенін дамытудың үшжылдық бағдарламасын жасау тапсырылды. Сондай-ақ әлеуметтік салаға, ауылдық жердегі білім беру, денсаулық сақтау мекемелерін қаржыландыру көлемін көбейтуге, ауыл тұрғындарын ауыз сумен қамтамасыз етуге, құрылысқа, жолдарды жөндеуге баса назар аударылды.
2002 жылғы Жолдаудың жалғасы іспетті – 2003 жылдың 16 сәуіріндегі Жолдауда да Елбасы мемлекет үш жыл ішінде ауыл шаруашылығына 150 миллиардтан астам теңге салатынын баса көрсеткен болатын. Ауылды дамытудың мемлекеттік бағдарламасы жүзеге асырылады, оның ішінде адамдарды экологиялық ахуалы қолайсыз аудандардан көшіру де бар.
2003 жылғы Жолдау еліміздің ұзақ мерзімді «Қазақстан-2030» бағдарламасына сай, онжылдық стратегиялық жоспарға сәйкес дамып келе жатқанын және сапалық өсудің жаңа деңгейіне шығуға әбден дайын екенін көрсетті. Өткен жылдармен салыстырғанда, бұл кезде Қазақстанның ең өзекті бағыттардағы бағдарламалары ғана емес, оларды табыспен жүзеге асыруға қажетті қаржы ресурстары да бар еді.