ТӘУЕЛСІЗДІК ЖЕТІКТІКТЕРІ: «ЖАНУАРЛАРҒА КӨЗҚАРАС — ӨРКЕНИЕТТІ ЕЛДІҢ ӨЛШЕМІ»

Президент Қ.К.Тоқаев былтырғы Жолдауында «Ел ішіндегі экологиялық туризм мә­де­ниетін белсенді дамыту – маңызды мін­детіміз. Үкімет азаматтық сектормен бірлесіп, «Жануарларды қорғау туралы» заң жобасын әзірлеуі қажет. Жануарларға көз­қарас – кез келген мемлекеттің өрке­ниет­тілігінің өлшемі. Ал бұл жағы­нан біздің жағдайымыз мәз емес» деген болатын.

Мемлекет басшысының осы тапсырмасына орай биыл көптен бері тұралап қалған Шымкент қаласы Зообағының жануарларын жаңа вольерлерге көшіру жұмыстары басталды.

2020 жылы қолға алынған жобаға сәйкес қырық жылдан астам уақыт қолданыста болған вольерлерді жаңарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Шілде айында Қайтпас, Қайсар есімді төрт жасар ағайынды екі арыстан жаңа вольерге орналастырылған болатын. Бүгінде екеуі де жаңа жайға үйренісіп, жағдайлары жақсарып қалған. Бұған дейін циркте өнер көрсеткен аңдармен қатар 2021 жылдың маусым айында 3 бас дала қасқыры, Новосибирск зообағынан әкелінген 2 қара және 2 қызыл қасқыр мен бес бас түлкі, шілде айында жергілікті цирктен әкелінген екі арыстан көшірілген. Барлық жануарлардың қазіргі жағдайлары жақсы. Алдынала дайындық жұмыстары атқарылуына байланысты көшіру барысында ешқандай қиындық туындамағанын алға тартады мамандар.

Шымкент қаласы Зообағының барлық жануарларына жайлы және қауіпсіз орта қалыптастыру үшін тамыз айында Боня және Клайд есімді гиббондар, үш ұрғашы жасыл мартышка жаңа жерге көшірілді. Қоңыр аюларға арнайы салынған вольерлер де бір апта уақыт алдын даяр болып, Тянь Шаньдық Татьяна және Понтик, цирктен әкелінген 5 жасар Барни мен Умка жаңа орынға ауыстырылды. Жаңа орындар әр жануардың табиғи қажеттілік және қызығушылығына қарай жасалып, кішігірім ойын алаңқайлары, бассейн және көлеңке берер ағаштармен қамтылған. Ескі және тар вольерлерде біраз уақыт өмір сүрген жануарлар жайлы жерлерге үйренісіп, күнделікті өмір барысын жалғастыруда. Аталмыш жобаға сәйкес келер жылы барлық ескірген вольерлер кезек-кезегімен сүріліп, 2023 жылы толықтай жаңаруы жоспарланған.