БІЛІКТІ МАМАН — ЕЛДІҢ БОЛАШАҒЫ
2013 жылдың шілде айында, Индустриаландыру күнінде өткізілген жалпыұлттық телекөпірде Елбасы бірінші бесжылдық кезінде анықталған, ұдайы туындайтын өндірістік-технологиялық міндеттерді шешу үшін инженерлер
мен зерттеушілерді дайындау қажеттілігіне назар аудартты.
Индустриаландыруға қажетті мамандарды дайындауда алдыңғы жылдары жіберілген кемшіліктерді болдырмау үшін күш салу қажет болды. Индустриаланудың келесі кезеңіне қажетті инженер мамандарды дайындайтын негізгі жоғары оқу орындары айқындалды. Қазақстанның жоғары оқу орындары мен колледждерінің жиырмадан астамында жаңа бағдарлама бойынша оқыту басталды. Бейімдік магистратура бойынша мемлекеттік
тапсырыс көлемі ұлғайды.
Кәсіби біліктіліктің Ұлттық жүйесінің жасалуы ерекше мәнге ие болды. Бұл ретте кәсіби стандарттар білім беру стандарттары үшін бағыт-бағдар болуы тиіс, олардың арасында қайшылыққа жол беруге болмайды. 2020
жылға қарай, жоғары және жоғары білімнен кейінгі білім беру бағдарламаларының 45 проценті кәсіби стандарттарға сүйенетін болады.
Елбасы 2015 жылғы қарашадағы Жолдауында атап көрсеткеніндей, техникалық кадрларды дайындау жүйесін барынша дамыту қажет, Германия, Канада, Австралия және Сингапурмен бірлесе, алдыңғы қатарлы орталықтар құру қажет. Нақ осы орталықтар техникалық және кәсіби білім берудің болашақтағы тиімді моделіне айналады.
2016 жылы «Болашақ» бағдарламасына шетелдік магистратурада жоғары деңгейлі инженерлік-техникалық мамандықтар дайындау опциясы енгізілді. Сондай-ақ «Астана» халықаралық қаржы орталығы, «Азаматтарға
арналған Үкімет», «Ұлт жеңімпаздары» жобасының қатысушылары үшін бағдарламалар жасалды.
Өңірлік орталықтар мен әлемдік деңгейдегі колледждер желісі құрылуда. Олардың алғашқысы – мұнай-газ өнеркәсібі желісі 2013 жылы Атырауда ашылды. Мұнда шетелдік мамандар да сабақ береді. Мұндай орталықтар
Өскемен, Екібастұз, Шымкент қалаларында ашылатын болады. Жетекші колледждер базасында кәсіби мамандарды дайындаудың ресурстық орталықтары құрылуда. Колледждер санын үштен бір есеге арттыру көзделген білім берудің дуальды жүйесінің «Жол картасы» бекітілді. 2015 жылы қазақстандық колледждердің студенттері Бразилиядағы WorldSkills халықаралық байқауында алғаш рет кәсіби дағдылары бойынша бақ сынасып, жақсы көрсеткіштерге ие болды.
2014 жылдан бастап «Серпін-2050» бірегей көші-қон оқу бағдарламасы іске қосылды. Оңтүстіктің басы артық жұмыс күші мол өңірлерінен келген студенттер кадр тапшылығы сезілетін Солтүстік, Шығыс және Орталық Қазақстанның техникалық колледждері мен жоғары оқу орындарында оқиды.
«Нұр Отан» партиясының бастамасымен 2016 жылы жастардың «Nurintech» инновациялық жобалар байқауы бастау алды.
2017 жылы «Баршаға арналған тегін кәсіби-техникалық білім» бағдарламасы басталды. Бұл бағдарлама бойынша жоғары оқу орнына түсе алмаған мектеп бітірушілер, сондай-ақ әлеуметтік тұрғыдан қорғалмаған жас қазақстандықтар алғашқы мамандыққа ие болды.