ЕЛБАСЫ ЖӘНЕ ЕЛ ЖАҒДАЙЫ

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ең алғаш тәуелсіз Қазақстанның президенттігіне келген кезде елдің жағдайы қалай еді? «Сол кездегі беделді басшылар Горбачев пен Ельцин 1990 жылдардың басында маған КСРО премьер-министрі болуды ұсынған болатын. Егер мен Кеңестер Одағы Үкіметінің басшылығына келген жағдайда қалай болар еді?- деген сұрақтар осы күнге дейін талқыланып жүр, бірақ бұл маңызды емес. Сол кезде мен өмірімдегі ең маңызды шешімді қабылдадым. Сол уақыттан бастап менің басты міндетім — туған Қазақстанымның тағдыры болды», — деп есіне алды Елбасы.

«Сол жылдары саясаткер ретінде стратегиялық ойлаудың маңызын алғаш рет түсіндім. Осы алмағайып заманда кемемді қай жағалауға жеткізсем деген үлкен таңдау алдында тұрдым. Қазір сол қиындықтарды қалай шешкенімді айтсам деп отырмын. 1990 жылдары мен және Қазақстан қандай сынақтармен бетпе-бет келді? Біріншіден, экономиканың тоқырауы. Экономикалық байланыстардың үзілуі, гиперинфляция, бюджеттік тапшылық болды. Халықтың табысы төмендеді, жаппай жұмыссыздық орын алды. Қазақстандағы 130 кәсіпорын өз жұмысын тоқтатты», — деді Нұрсұлтан Назарбаев.

90-жылдары ЖІӨ 60 пайызға төмендеп, өнеркәсіп 28 пайызға қысқарды. «Бізге қысқа уақыт ішінде іс-әрекет жоспарын құруға тура келді. Нарықтық экономиканы құра бастадық. Қазақстан тез әрі тиімді реформа жүргізді деген пайымды жиі естідік. Біз өте үлкен жұмыс атқардық», — деп атап өтті Елбасы.

Расында да, тоқыраудың шыңына құлағалы тұрған қирандыдан қалған мемлекетті аяққа тұрғызып, алға бастыру үшін қаншама қажыр-қайрат керек десеңізші?! Мемлекет ретінде мойындалуы үшін елге не қажет болса, соның барлығын аз уақыт ішінде қолға алды. Шекара шегенделді, ұлттық валюта енгізілді, мемлекеттік рәміздер бекітілді, Ата Заңымыз қабылданды, өмір сүру деңгейі өсті.