ТӘУЕЛСІЗДІК — АЙБЫНЫМЫЗ, БАҒА ЖЕТПЕС БАЙЛЫҒЫМЫЗ!
Азаттықты аңсаған ата-бабаларымыз сан ғасырлар бойы тәуелсіздік жолында күресіп келгені тарихтан белгілі. Тәуелсіздік – айбынымыз, баға жетпес байлығымыз.Бүгінде біз тәуелсіз Отанымыз бар деп шаттанамыз, толағай табыстарымызбен мақтанамыз. «Чемпион болудан чемпиондықты сақтап қалу қиын» деген сөз бар екенгі белгілі. Жүрегі елім деп соққан әрбір қазақстандық үшін киелі ұғым болып саналатын Тәуелсіздігімізді сақтап, елімізді көркейтіп, Отанымыздың мәртебесін әрдайым биік ұстау үшін жас ұрпақты отансүйгіштік рухта тәрбиелеуіміз керек деп ойлаймын. Қазақ халқының қаһарман перзенті Бауыржан Момышұлының «Отан үшін отқа түс — күймейсің» деген қанатты сөзі жас ұрпақты отансүйгіштік рухта тәрбиелеудің қуатты құралына айналды.
Тәуелсіздік – ұлтымыздың ұлы ұстыны. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев «Біз 1991 жылы 16 желтоқсанда Тәуелсіздігімізді жер жүзіне жариялап, күллі әлемге паш еттік. Алдымен көне түріктің бөрілі байрағының мұрагері – Көк Туымызды Біріккен Ұлттар Ұйымының төрінде желбіреттік. Әнұранымызды әлем көгінде әуелеттік, Елтаңбамызды мәңгілік мөрге айналдырдық. Төл теңгемізді енгізіп, Ата заңымызды қабылдадық, Қарулы күштерімізді құрып, Шекарамызды шегендедік. Мемлекеттік тілімізді әлемнің ең биік мінберінен сөйлеттік. Біз 1500 жыл бұрын Күлтегін ұстынында жазылған «Мәңгілік Ел» ұғымын жалпыұлттық идеяға айналдырып, ЕЛДІГІМІЗДІҢ 15 ҒАСЫРЛЫҚ ТАМЫРЫНА НӘР БЕРДІК, мәңгі жасыл етіп гүлдендірдік. Терең тарихымыз бен мыңжылдық болашағымызды сабақтастырып, Мәңгілік Ел болудың дара жолына түстік. Бүгінде біз – ана тілімізді түлетіп, ата дінімізді оралтқан айшықты елміз. Тағылымды тарихымызды түгендеген жоралы жұртпыз, барша қазақтың басын біріктірген бәтуәлі ұлтпыз. Біз – даламыз бен қаламызды бірге көркейткен қуатты халықпыз, Арқа төсіне Тәуелсіздігіміздің салтанатты символы – Елордамызды орнатқан жасампаз жұртпыз. Достықтың дара дәстүрлерін дамытқан біртұтас ұлтпыз, көршімен тату, шалғаймен сыйлас өмір сүрудің өнегесін көрсетіп, салиқалы сыртқы саясатын жүргізген ұлағатты ұлыспыз. Біз – әлемдік қарусыздану ісінің тізгінін ұстаған көшбасшы халықпыз, алыс болашаққа көз тіккен мерейлі мемлекетпіз.Тұғыры мығым, мәртебесі биік Тәуелсіз Қазақстанды біз бәріміз бірге жасадық» деп тәуелсіздік туралы тереңнен ой қозғаған болатын. Ұлан –байтақ жері бар, Мәңгілік Ел болуға ұмтылған Тәуелсіз мемлекеті бар біз қандай бақытты халықпыз. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым -Жомарт Тоқаев «Біз – халқымыздың тәуелсіздік жолындағы сан ғасырлық арман-тілегіне қол жеткізген ұрпақпыз. Келер жылы тәуелсіздігімізге 30 жыл болады. Бұл мерейлі дата – Егемен еліміз үшін аса маңызды меже. Бұл – жаңа тарихи кезеңнің басы» деп алдымызға үлкен мақсаттар қойып отыр.Жас ұрпақты отансүйгіштік рухта тәрбиелеп, болашақ отан қорғаушылырды дайындау үшін алғашқы әскери дайындық пәні мұғалімдеріне үлкен жауапкершілік жүктеледі. Ауданымыздың 32 алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі өздеріне жүктелген міндеттерін биік деңгейде орындап келеді деп нық сеніммен айта аламын.
Алғашқы әскери дайындық барлық типтегі жалпы білім беретін мектептерде әскерге шақырылуға дейінгі және әскерге шақырылу жасындағы білім алушы жастардың меңгеруге міндетті оқытылатын пәні болып табылады.
«Алғашқы әскери және технологиялық дайындық» пәні – білім алушыларды отаншылдық рухпен Отанды қорғауға дайын болуына тәрбиелеуге баса назар аударады. Алғашқы әскери дайындық бағдарламасы білім алушыларға әскери қызметтің дағдыларын меңгертумен қоса әскери іс негіздері мен төтенше жағдайларда адамның өмір қауіпсіздік әрекеті туралы білім беруге бағытталған.
«Алғашқы әскери және технологиялық дайындық» пәнін оқыту бойынша әдістемелік ұсынымдама төрт бөлімнен тұрады. Бірінші, білім мазмұнын жаңарту аясында «Алғашқы әскери және технологиялық дайындық» пәні оқу бағдарламасының ерекшеліктері. Екінші, «Алғашқы әскери және технологиялық дайындық» оқу пәнін оқытуды ұйымдастырудың нысандары, әдістері, құралдары. Үшінші, оқу процесінде «Алғашқы әскери және технологиялық дайындық» кабинетінің, әскери алаңның ресурстарын пайдалану. Төртінші, білім мазмұнын жаңарту аясында «Алғашқы әскери және технологиялық дайындық» оқу пәнін оқыту процесін ұйымдастырудың ерекшеліктері.
Алғашқы әскери және технологиялық дайындық оқытушы-ұйымдастырушысы жергілікті жердің ерекшеліктерін, оқу-материал базасының болуы мен жағдайларын, жеке тәжірибесін, білім алушылардың дайындық деңгейлерін ескере отырып, Орта білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарты және оқу бағдарламаларында анықталған мақсат-міндеттерді сапалы орындауды қамтамасыз ететін басқа да әдіс-тәсілдерді қолдануына болады.
Тәуелсіздігіміздің тұғырын биіктетіп, мемлекетіміздің мерейін асырып, киелі Отанымызды қорғау – біздің қасиетті борышымыз. Әлем елдерінің қатарында Тәуелсіз Қазақстанның абыройы асқақ болып, беделі биік бола берсін, жұлдызы жарқырап жана берсін!
Амангелдиев Адилет ,
Түркістан облысының Созақ ауданы əкімдігі білім бөлімінің дене тәрбиесі және алғашқы əскери технологиялық дайындық пәндерінің əдіскері.