ТЕКТІ ЖҰРТТЫҢ ҰРПАҒЫМЫЗ ТӘУЕЛСІЗ
Қай ұлттың болмасын өзіне тән ұлттық тәрбие мектебі болады. Қазақ елінің де ғасырдан ғасырға, ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан мол рухани қазынасы бар. Бірақ сол қазынаны қаншалықты иеленіп жүрміз. Барымызды бағалап, жоғымызды түгелдеу мақсатында бүгін ұлтттық тәрбиеміздің кейбір қырларына тағы бір оралуды жөн көрдік.
Бағымызға қарай, ердің құны — жүз жылқы, ары – мың жылқы дейтін текті елге ұрпақ болдық. Ғасырлар бойы әбден сұрыпталған, орныққан өзіндік жол-жоралғымыз бар парасатты жұртпыз. Жаман сөз айтпауды, жаманға ермеуді, жалаңаш жүрмеуді, жағымпаз болмауды, жасқаншақ, жасық болмауды жас ұрпақтың санасына құйып отыратын тәлімді халықпыз. Жұрт алдында қасынбайтын, ел көзінше кекірмейтін, кісіге саусақ шошайтпайтын, біреуге телміріп қарамайтын, таңдай қақпайтын, түнде тырнақ алмайтын әдепке үйренген ұрпақпыз. Наданмен дос болмайтын, нақұрысқа сенбейтін, намазды бұзбайтын, нанды лақтырмайтын, адал асты қадірлейтін момын елміз. Басынан сөз асырмайтын, намысты қолдан бермейтін, туысты қадірлейтін, үлкенді құрметтейтін иманды ұлтпыз.
Құдайға мың шүкір, ешкімге өлім тілемейтін, өткенге өкінбейтін, өтірік сөйлемейтін, өтірік куәлік бермейтін, адам түгіл малға зәбір көрсетпейтін, обал-сауапты білетін мейірімді халықпыз.
Ата-анаға қарсы келу, әйелге өктем сөйлеу, ақты төгу, аманатқа қиянат жасау, арды сату, арамды жеу, әлем-жәлем киіну, әлсізге күш көрсету біздің жұртқа жат мінез.
Бұл халық жолды кеспейді, жұлдызды санамайды, жерді сабамайды, кемтар адамға күлмейді. Тырнағын тістемейді, тізесін құшақтамайды, тілін шошайпайды. Үлкенге сөз қайтармайды, үлкеннен бұрын отырмайды, үлкен бұрын тамаққа қол салмайды, үлкеннің бетінен алмайды. Түрегеп тұрып тамақтанбайды. Ыдысты теппейді, ысырапқор болмайды.
Әрине, мұның бәрі қазақы тәрбиенің теңізден тамшыдай бір бөлігі ғана. Осыншалықты мол мұраны жастардың санасына сіңіру, әрине, оңай біте салған шаруа емес. Жалғыз адамның қолынан келетін іс те емес. Ол үшін қанша еңбек сіңгені, қанша уақыт кеткені, қанша ақыл жұмсалғаны айтпаса да түсінікті. Анық білетініміз сол – ата-баларымыз жүрген жерінде, отырған жерінде бос сөзге әуес болмай, тек қана пайдалы әңгіме айтуды әдетке айналдырған. Би-шешен, ақын-жырауларымыз, батагөй ақсақалдарымыз қашан да сөздің мәйегін қалқып, асылын теріп сөйлеген.
Сөз асылын теріп айт,
Ақын болсаң бал таңдай,
Семізін сөйле сөзіңнің,
Мың жылқының ішінде
Он жылғы қысыр байталдай, — деп Базар жырау ақындарға биік талап қояды.