РУХАНИ КЕМЕЛ БОЛУҒА БАСТАҒАН ТҰЛҒА
Елбасының тікелей бастамасымен және нұсқауымен елімізде «Білім туралы», «Ғылым туралы» Заңдар, білім беруді дамытудың кезең-кезеңдерге арналған мемлекеттік бағдарламалары өмірге келді. Мемлекет басшысы өзінің жыл сайынғы Жолдауларында бұл салаға арнайы тоқталып, білім мен ғылымның көкжиегін кеңейтуге бастамашы болып келеді. Ол халықтың тұрмыс сапасын арттыруда білім беру саласының маңызды рөл атқаратынын айта келіп, мектепке дейінгі білім беру сапасын түбегейлі жақсарту, орта білім беру жүйесінде «Назарбаев зияткерлік мектептерінің» оқыту жүйесі мен әдістемесін бірыңғай стандарт ретінде алу туралы жаңа міндеттер қойды. Әрине, мұның бәрі Елбасының еліміздің білім саласындағы тұрақты жүргізіп отырған сарабдал саясатының нақты көрінісі болып табылады.
««Рухани жаңғыру» жалпыұлттық бағдарламасының жаңа компоненттері ата-бабаларымыздың көп ғасырлық мұрасының цифрлық өркениет жағдайында түсінікті әрі сұранысқа ие болуын қамтамасыз ете отырып, оны жаңғыртуға мүмкіндік береді», – деп атап көрсетті Н.Назарбаев. Елбасының бағдарламалық мақаласының өзегі – рухани кемел ел болу. Мемлекет басшысының: «Болашақта ұлттың табысты болуы оның табиғи байлығымен емес, адамдарының бәсекелік қабілетімен айқындалады. Сондықтан әрбір қазақстандық, сол арқылы тұтас ұлт ХХІ ғасырға лайықты қасиеттерге ие болуы керек», – дегеніндей, заманға сай жаңғыру – баршамыздың міндетіміз.
«Білім беру реформасы – Қазақстанның бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін аса маңызды құралдардың бірі», – деп Елбасы Н.Назарбав айтқандай, қазіргі бәсекелестік жағдайында білім саласы қарыштап даму үстінде.