ТӘУЕЛСІЗ ЕЛ ТАРИХЫ

Ерте заман, о бастан қазақ халқы, Ел болуға талай ғасыр шайқасты Үйсін, сақтар, ғұндардың патшаменен батыры, Еуропаның төріне даңқы өрлеп жайғасты, Алла бізге сыйлады еркіндік пен елдікті, Оған қоса берген ғой сабырлық пен теңдікті Зар заманда бірігіп, жұдырық пен найзасы Қорғады ғой өле-өлгенше басқа ұлт пен теңдікті. Еділ патша ұрпағы Абылаймен жалғасып, Елдік үшін күрестік тайсалмастан сан ғасыр Бастан кешкен зар заман, отаршылдық езгісін, Болашағы елімнің, бүгінгі ұрпақ көрмесін!!!

Азат Қазақстанның ең қастерлі құндылығы – ел тәуелсіздігіне тура отыз жыл толады. Иә, бір мың тоғыз жүз тоқсан бірінші жылдың он алтыншы желтоқсанында қабылданған Қазақстан Республикасының Мемлекттік тәуелсіздігі туралы Конституциялық заң Еуразия құрлығының жүрек тұсындағы ежелден ұлы дала атанған ұлан-ғайыр өлкеде жаңа мемлекеттің дүниеге келгенін паш етті. Санаулы сағаттардан кейін әлемнің әр тарапындағы алуан мемлекеттерден келіп түскен ежелден азаттық аңсаған қаһарман халықтың тәуелсіздігін таныған қуанышты хабар ақпарат құралдары арқылы дүниенің төрт бұрышына түгел тарап жатты.

Біз тәуелсіз еліміздің бүгінгі биігінде тұрып, осы күнді армандаған бабаларымыздың биік мұраттары алдында, жан алысып, жан беріскен алмағайып замандарда азаттық үшін күрескен аталарымыздың өз аманаты алдында, ел бостандығы жолында құрбан болған есіл ерлеріміздің мәңгі өшпес рухы алдында басымызды иіп, тағзым етеміз. Тәуелсіздік мағынасы өте зор, тамыры терең ұғым, ал тәуелсіз ел болу дегеніміз не?
«Тәуелсіз ел болу дегеніміз – кеудеңді кере демалып, еңсеңді көтере ұрпақтан-ұрпаққа мұра болып келе жатқан салт-дәстүріңді, әдетғұрпыңды айқын көрсетіп, өзіңнің өзгелермен тең екендігіңді сезіну және ана тіліңді емін-еркін сөйлеу деп білем»,- деп жазады Әбдісабыр Өмешұлы (С.Аспандияров атындағы Алматы мемлекеттік медицина университетінің доценті).

Тәуелсіздік бізге оңайшылықпен келген жоқ, қаншама адамдардың өмірімен, ата-бабаларымыз Отан үшін күресі арқылы келді. Моңғол шапқыншылығы, жоңғар жаугершілігі, батыс пен шығыстағы қос империяның қыспағы, патшалық Ресей отаршылығы, кеңестік жүйенің озбырлығы – бәрі-бәрі азаттық аңсаған халқымыздың үздіксіз күрес пен тартысқа толы қастерлі тарихындағы бүгінгі ұрпақтың ешуақытта ұмытуына болмайтын бабалар қанымен жазылған қасиетті кезеңдер. Міне, осылайша Жұбан ақын айтқандай «мың өліп, мың тірілген» қазақ халқы бабаларымыз ғасырлар бойы армандаған тәуелсіздікке ұлт болып қалу-қалмауы қыл үстінде тұрған алмағайып заманда қол жеткізді. Қазақтар өзінің бостандығы мен тәуелсіздігі жолында тек патша отаршылдары мен кеңестік жүйенің озбырлығына қарсы екі жүзден астам ұлт-азаттық көтерілістерге шыққан екен.

Әсем ҚАРАТАЕВА