ТӘУЕЛСІЗДІК ТОЙЫ: КӨШПЕНДІЛЕР ӨМІРІНЕН СЫР ШЕРТЕТІН КӨРМЕ АШЫЛДЫ
Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай Нұр-Сұлтан қаласында шымкенттік суретші, графика шебері Батухан Байменнің «NOMAD. BLACK & WHITE» атты авторлық көрмесі ашылды.
«Биылдыққа Нұр-Сұлтан қаласында екінші жеке көрмем өтіп отыр. Алғашқысы көктемде өтті. Бұл жолғы көрме графика оның ішінде линогравюраға арналып отыр. Аталған өнер түрі елімізде даму жағынан кенже қалған десем де болады. Оның себебі — линогравюра ұзақ уақыт пен қажырлы еңбекті қажет етеді. Сондай-ақ, шыдамдылық пен кревтив керек. Графиканың осы түрінің мүмкіндіктерін көрсету және оны көпшілікке насихаттау мақсатында бүгінгі көрмені ұйымдастырып отырмыз», — деді көрме авторы Батухан Баймен.
Көрмеге 50 шақты графикалық туынды қойылған. Сол сияқты автор бұған дейін Ташкент, Бішкек, Кипр, Ыстанбұл жән Берлин қаласында 11 рет жеке көрмесін өткізген.
«Бүгінгі көрмеге 2019-2020 жылдары жасалған жаңа жұмыстарым қойылған. Мұндағы туындылар туралы қалың жұрт аса біле бермейді. Шынын айту керек, көрмеге қойылған картиналардың мәні мен сырын келушілер бір қарағаннан түсіне қоймайды. Шабытқа келсек, күні-түні сурет салумен айналысамын деп айта алмаймын. Маған идея кез келген уақытта келеді, серуендеп жүргенде, ас ішіп отырғанда, кейбір идеяларды интернеттен қараймын. Ең бастысы — тың идея келгенде оны қағып алу, яғни тың идеядан көз жазып қалмау керек. Ол сағым секілді, дер кезінде ұстап қалмасаң, ол идея қайтып оралмайды», — дейді ол.
«Алдымен Батуханның жұмысын бізге пошта арқылы жіберді. Содан кейін біз онлайн таныстық. Туындыларға келсек, жалпы графиканың ішінде гравюра — суретшілер сирек айналысатын сала. Мені таңғалдырғаны — туындылардың кеңдігі мен мағынасы. Автор өз шығармалары арқылы тұтас қоғам мен ондағы әлеуметтік мәселелерді көрсетіп отыр. Бұл туындылардың басты құндылығы — қолдың жұмысы. Ойлап көріңіз, бір жұмысты әзірлеуге апталап, кейде тіпті айлап уақыт кетеді, ал бұл жерде 50 туынды қойылған», — дейді KULANSHI заманауи өнер орталығының жетекшісі Ләйла Махат.
Көрме 20 қарашаға дейін жалғасады.