«Болашақ» жастар қозғалысы сырттағы қандас бауырларға үндеу жариялады
«Алматыда» шетелдегі қазақтардың елге жаппай көшуіне кедергі болып отырған көрші елдердегі саяси және әлеуметтік мәселелерді талқылау мақсатында «Атамекенге орал, Алаш баласы» атты жиын өтті. Басқосу барысында саясаттанушы Дос Көшім сырттағы қандас бауырларға үндеу жариялады, деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі.
Сырттағы қандас бауырға үндеу!
Қазақ елінің Тәуелсіз болғанына міне биыл 26 жылдан асты. Алғашқыда болашағы бұлыңғыр саналған Қазақстан, кейінше етек-жеңін жиып, қиындықты ескеріп, үдемелі даму жолына бет алды. Әлбетте, даму дегеніміз – әркез экономикалық өрлеу емес, бірақ барлық кезде қазақтың рухының, санының, мәдениетінің, қуатының, жетістіктерінің көрсеткіші еді.
Дәл сол уақытта қазақ бодандықтан арылған күннен бастап тағдыр тауқыметімен шекараның сыртында қалған қандас-бауырды Атамекенге жинауды естен шығарған емес. Және жақсы-жаман, осы ізгі ниет әжептәуір нәтиже беріп үлгерген. Әртүрлі мемлекеттік бағдарламалардан бұрын сырттағы қазақтың туған жер мен елге деген ыстық ықыласы 1991 жылдан бері Қазақстанға 1 миллионнан аса қандастың оралуын қамтамасыз етті.
Десе де, елдің сыртында, әртүрлі санақ бойынша,5 млн қазақ өмір сүруде. Басым көпшілігі іргелес Қытай, Ресей және Өзбекстанда.
Әр елдің ішкі заңы басқа, уақыт өткен сайын сырттағы қандас бауырларымызды түгендей алмай қалу қаупі басым. Кейбір елдер паспорттағы ұлт мәтінін жою жоспарында болса, енді бірі ұлттық мектептер мен мәдени ошақтарды жабуға кіріскен. Жапа шеккендердің қатарында өз қандастарымыз бар. Іргелес біршама елдерде аз ұлттарға деген көзқарас түбегейлі өзгерген дегенді естіп-біліп жүрміз. Діни экстремизммен күрес деген желеудің ішінде бейбіт күн кешкен қазақ жігіттері де темір торға тоғытылуда. Тіпті елге көшіп келіп, бірақ құжаттарын толық рәсімдеп үлгермеген қандастар да соқыр соғыстың құрбаны болуда. Әлеуметтік желілер арқылы елге жеткен әртүрлі хабарламалар арқылы шет елдегі қандастың жапа шеккенін көрсек те, шарасыз қол қусыруға мәжбүрміз. Сәйкесінше, қалыптасқан жағдайда қазақ жұртының шет елде қалған қандасына алаңдаушылық білдіруден басқа амалы жоқ. Одан басқа әрекеттің барлығы жалған.
Бүгінгі таңда сонау, өткен ғасырдың 90-шы жылдары елге оралған алғашқы лектің алды қазір буын алмастырып үлгерді. Тұрмыс ауыстырудан қиындық көрген алдыңғы буын осы күнде өзінен кейінгі буынның туған жердегі «қазақпын» деп еркін өмір сүруіне куә болды.
Осы ретте шет елдегі бес миллион қандасқа біздің үндеу – елге оралуға әрекет етіңіздер. Кеудеде соққан жүрек қазақ деп тұрса, елге оралудан басқа тірліктің бәрі бекершілік. Әсіресе қысым көбейіп, ұлттық ерекшелік мәжбүрлі түрде өшіріліп бастаған елде қазақ болып қалу, уақыт өткен сайын қиындай бермек.
Елге оралғанда азды-көпті қиындық болары анық, ол елден елге емес, ауылдан ауылға көшкенде де болатын нәрсе. Бірақ елдегі бауырларыңыздың сіздерге деген ықыласы әрқашан ыстық, пейілі кең, біліңіздер. Ата-бабамыз кең көшкен Сарыарқа сіздерді әрқашан асыға күтетініне еш күмәнданбаңыздар.