ТӘУЕЛСІЗ ЕЛГЕ ҮЛЕС ҚОСҚАНДАР: ҰСТАЗ АЛМАШОВА МАҒИРАШ
Қазақстан тәуелсіздігін алғаннан бері талай асулар мен биіктерді бағындырды. Кең-байтақ еліміздің қол жеткізген осынау жетістіктеріне өзіндік үлестерін қосып қана қоймай, істері шын мәнінде үлгі етуге тұрарлық еңбек адамдарын таныстыру ел мерейтойының кезеңінде артық болмаса керек.
1961 жылы 7 қыркүйекте Қызылорда облысы, Қармақшы ауданының орталығы Қармақшы елді мекенінде дүниеге келді.
Білімге деген құштарлығы мен еңбекқорлығының арқасында мектепте озат оқушылар қатарында болды. Мектептегі түрлі іс-шаралардың бел ортасында жүретін ол пионер, комсомол қатарында да белсенділердің бірі саналатын. Оның ұқыптылығы мен тиянақтылығына, талғампаздығына қарап-ақ, болашақта қай мамандықтың тізгінін ұстаса да, ұршықша үйіріп әкетеріне ұстаздары да шүбә келтірмейтін.
Мағираш 1978 жылы өзі туып-өскен ауылындағы М.Калинин атындағы жалпы орта мектепті бітірді. Содан екі жыл Қармақшы ауданындағы «Межколхозстрой» мекемесінде III разрядты сылақшы-сырлаушы болып жұмыс істеді.
Алайда, білімге құштарлығы албырт қызды Алматыға жетеледі. Осылайша ол 1980 жылы С.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің география факультетіне оқуға түсті. Аталған жоғары оқу орнын бітіріп, еңбек жолын 1987 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы, Қазығұрт ауданы, Жаңабазар елді мекеніндегі М.Горький атындағы жалпы орта мектебінде география пәнінің мұғалімі болып бастады.
«Ұстазсыз шәкірт – тұл, шәкіртсіз ұстаз – тұл» демекші, адам баласының тұлға болып қалыптасуы көбіне ұстазына байланысты. Мұны ешкім жоққа да шығара қоймас. Әр ұстаздың білім мен тәрбие беруде өзіндік әдіс-тәсілі
бар. Мағираш Асылбекқызына тән ең негізгі қасиет – жоғары жауапкершілік болса керек. Қашан да өз міндетін
ыждағаттылықпен атқаратын мұғалімнің шәкірт алдында да, әріптестері алдында да мерейі үстем.
Өмір бір орнында тұрмайды. Сағат сыртылынан танбай, заман алға жылжиды. Тіршілік барысында түрлі тұрмыстық жағдайларға байланысты адам бір орыннан екінші орынға қоныс аударатыны секілді жұмыс орнын да ауыстырып жатады. Алайда, Мағираш Асылбекқызы бүгінгі күнге дейін өзі ұстаздық жолын бастаған Елшібек
батыр атындағы мектеп-лицейінде (бұрынғы М.Горький атындағы жалпы орта мектебі) география пәнінің мұғалімі болып еңбек етіп келеді. Бұл білім ұясында да ұстаздың абыройы биік. Ұжымда да, үйде де бір тынбайтын педагог маманның шәкірттерге берген сапалы білім мен саналы тәрбиесі де өз жемісін беруде. Білімді, жаңашыл, үздіксіз ізденіс үстіндегі мұғалім ғана оқушыға сапалы білім бере алады. Осындай қасиеттерінің арқасында Мағираш Асылбекқызы көптеген жетістіктерге қол жеткізді.
2014 жылы облыстық тамыз кеңесінде «География сабағында жаңа технологияны пайдалана отырып, оқушылардың сабаққа қызығушылығын арттыру» тақырыбында жасаған баяндамасы жоғары бағаланды. Сонымен қатар, Қазығұрт ауданының көлемінде оның «География пәні мұғалімдеріне арналған күнтізбелік жоспар» авторлық жобасы жарық көрді.
Шәкірттері де топ жарып, ұстаздарының мерейін өсіріп отыр. Айталық, 2011 жылы бес бірдей оқушысы «Алтын
белгі» иегері атанды. Жыл сайын «Алтын белгіге» ие болатын қазығұрттық мектеп түлектерінің арасында Мағираш Асылбекқызының да шәкірттерінің табылып жатуы көп нәрсені аңғартса керек. Сондай-ақ, 2017 жылы облыстық пән олимпиадасында 9 сынып оқушысы Ертуған Шалқарбай III орынды иеленсе, 2018 жылдың басында өткен облыстық пән олимпиадасында осы шәкірті кезекті рет жеңіс тұғырынан көрінді.
Педагогика саласындағы көп жылғы еңбегі ескеріліп, Мағираш Алмашова 2011 жылы «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне – 20 жыл» мерейтойлық медалімен марапатталды. 2015 жылы облыста пән мұғалімдері арасында өткен олимпиадада география пәні бойынша ІІ орынды иеленді. 2016 жылы Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының Алғыс хатымен, ал, 2017 жылы Қазығұрт ауданы әкімінің, Оңтүстік Қазақстан облыстық білім басқармасының, Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің Алғыс хаттарымен марапатталды.
Мағираш Асылбекқызы бүгінде тамырын тереңге жайған мәуелі бәйтерек іспетті. Құдай қосқан қосағы, жеке
кәсіпкер Раушанбек Дуанақұлұлы екеуі 2 ұл, 3 қыз тәрбиелеп өсіріп, 10 немере көріп отыр. Перзенттерін аналық
мейірімімен қанаттандыра жүріп, қанына біткен қасиетімен ұстаздық парызын да адал атқарып келеді.
Әлемдік өркениетке бет түзеген тәуелсіз елдің білім саласының бағбаны, шәкірттерінің сүйікті ұстазы атанған
қарапайым да қастерлі, мейірімді Мағираш Асылбекқызы осындай қасиеттерімен де аяулы.