Түркия ғалымдары латынның классикалық 26 әрпіне өтуге ниетті
Түркия 1928 жылы оқу-білім, ағарту саласында реформа жасап, Латын алфавитіне көшті. Сол жылы «Түрік алфавитін қабылдау және қолдану туралы» заң шықты.
Алайда жаңа әліппені енгізу оңай болған жоқ. Себебі араб әліпбиіне негізделген Османлы жазу үлгісі 7 ғасырдан астам уақыт пайдаланылып, әбден сіңген кезі еді. Бүкіл ескі кітаптары араб әрпімен жазылған. Ғалымдары, жазушылары, мемлекет қайраткерлері сол таңбамен ақпарат алмасады. Бірақ Батыс елдерінің даму көшіне ілесуді көздеген Ататүрік ғалымдардың тарапынан латын әліпбиіне көшуге қарсы айтылған пікірлерді тыңдап жатпады.
Осылайша латын таңбасына негізделген жаңа әліпби 29 әріптен тұрды. Әрине, асығыс қабылданған әліпбидің кемшіліктері аз болған жоқ. 26 әріптен тұратын классикалық латын алфавитінің үш әрпін (q, w, x) қолдануға тыйым салынды. Сонымен қатар, түрік тіліне тән алты әріп ı, ö, ü, ş, ç, ğ енгізілді. Алғашында, халық бұл әліпбиге көшуді жақсы қабылдады. Жазу реформасына дейін, түрік халқының сауаттылық дәрежесі 30 пайызға жетер-жетпес болса, әліпби қабылданғаннан кейін 90 пайызға жетті.
Алфавит ауыстыру діни, мәдени, әлеуметтік, экономикалық және басқа да өзгерістер нәтижесінде жүзеге асты. Түрік тілінің төл дыбыстарын беру үшін классикалық үлгіден тыс, қосалқы таңбалар ş, ğ, ı енгізуге мәжбүр болды. Алайда бір таңба = бір дыбыс принципі бойынша жасалған бұл алфавит түрлі кемшіліктерге ұрынды. Мәселен, Түркиядағы Мармара мен Шығыс Анадолу аймақтарынан тыс жерлерде жиі қолданылған баңа, деңіз деген сөздердегі ң дыбысы көрсетілген жоқ. Қар және кар деген сөздердегі әртүрлі к дыбыстарын бөлетін әріптердің кемшілігі сияқты мәселелер жиі-жиі сыналып, айтылып тұрды.
Мәселен, мағыналы дыбыс болса да, алфавитте көрсетілмеген дыбыстар сияқты, жеке-дара бір фонема болмаса да, алфавитте бір әріппен белгіленген дыбыстар да бар. Латын үлгісіндегі түрік алфавитінде де осы мәселе кездеседі. Мәселен, /ğ/дыбысы түрікшеде бір мағынаға ие болмаса да, (бұл негізі жұмсақ г, қазақ тіліндегі ғ дыбысының баламасы ретінде айтылады) алфавитте бір әріппен берілген.
Латын негізді түрік алфавитінде q, w, x әріптерінің кемдігі 1928 жылы Тіл комиссиясы алғашқы алфавит үлгісін ұсынған кезден бері жиі сынға ұшырап келеді. Мәселен, саясаткер, депутат Авни Башман 1928 жылғы 28 тамызда Хаят журналындағы мақаласында жаңа түрік алфавитіне қатысты көзқарастарын кеңінен білдірген. Ол жаңа алфавитте q, w, x әріптерінің жоқтығына наразылық танытқан. Әсіресе ç және ş әріптеріне жалғанған белгілерді сынайды
Түріктің тілші, журналист, психолог, педагог, социолог ғалымдары алфавиттің кемшіліктерін әлі күнге дейін айтып келеді.
Түркияның Ұлттық диссертация орталығында жинақталған жұмыстарға сүйенсек, (Ulusal Tez Merkezi) 200-ге жуық магистрлік және докторлық диссертация осы тақырыпқа арналыпты. Атап айтқанда, Али Гөкдүл, Режеп Каналга сияқты ғалымдар түрікше алфавитті қабылдау мен қазіргі кездегі технологияға байланысты туындап отырған қиындықтарды ғылыми түрде зерделеп жазған. Олардың сөзіне сенсек, ноқатты әріптер заманауи технологияны былай қойғанда, теріп жазу кезінде баспа машиналарға да көп қиындық тудырған екен.
Мұстафа Ярдымжының «Қолжазба зерттеулерінде тізбекті және түзу жазулардың индивидуалды ерекшеліктері» деген докторлық диссертациясында қолмен жазған кезде де түрік алфавитіндегі ноқатты әріптердің қолайсыздығын айтады. Оның ойынша, әрбір әріпке жеке-жеке ноқат қойып отыру қолды байлап, жазудың жылдамдығын төмендетеді.
Ал түрік алфавитіне кірмей қалған q, w, x және sh әріптері талай дауға себеп болып, әлі күнге дейін талқыланып келеді. Бұл әріптерді талдаған ғалымдар оларды жазу әрі сөйлеу, әрі тіл саясаты тұрғысынан зерделеді. Академиялық ғылымның мамандары да «үш әріптің» мәселесін күн тәртібінен түсірген емес. Бастапқы келісілген ереже бойынша, бұл үш әріп тек ағылшын тіліндегі жалқы есімдерді жазғанда ғана қолданылуы тиіс еді. Бірақ қазіргі кезде taxi, show, ex, fax тәрізді сөздерді осы қалпында беру кең таралып келеді. Сонымен бірге түрік алфавитіндегі ş әрпі sh диграфының баламасы екеніне қарамастан, show, off shore сияқты ағылшын ұғымдарын дәлме-дәл осылай жазу үрдіске айналып отыр. Дауысты дыбысты таңбалайтын ö, ü әріптеріне қатысты да осыны айтуға болады. Яғни технология заманында білім алған жастар қауымы қолайсыздық тудыратын әріптерді халықаралық үлгімен жазып, жаңа бір стандарт тудыра бастады. Нәтижесінде елде алфавиттің қос стандарты пайда болды.
Қазіргі түрік тілінде тек кірме сөздерде кездесетін дыбыстар бар. Бұл да алфавитке қатысты қиындықтар туындауына себеп болып отыр.
Профессор Шүкрү Халук Акалын «Клавиатурадағы Q проблемасы және компьютердегі түрікше әріптер» атты мақаласында Түрік алфавитінің компьютер мен гаджеттерде қолданылуы проблемасы барған сайын күшейіп жатқанын айтады. Өйткені программалау тілдерінде ş, ı, ğ сынды таңбалар жоқ. Оларды елдегі программистер үнемі қайта жазып, компьютер мен гаджеттерге бейімдеп отырады. Бұл жұмыс артық шығын, артық күш талап етеді. Ал ç, ö, ü сынды әріптерді бірден жазу үшін тілді ауыстырып, символдар сетіне кіруге тура келеді. Бұл жағдай жазуды баяулатады. Түрікше әріптерді жазу үшін қосымша уақыт жұмсауға тура келеді. Және кітаптағы қажетті мәтіндерді сканерлеп, оның электронды нұсқасын жасағанда, бағдарламалар ç, ğ, ı, ş, ö, ü әріптерін танымайды. Олардың ноқат белгілері (умлаут) мен астыңғы символдары ұшып кете береді. Ақыр соңында ноутбук, смартфондарды пайдаланушы жұрт, әсіресе жастар жағы түріктің ерекше әріптерінің орнына латындағы ұқсас әріптерді қолданып жазатын болып алды. Мәселен, ç, ğ, ı, ş, ö, ü әріптерін c, g, i, s, o, u таңбаларымен береді. Мәселен, ч дыбысының түрік тіліндегі баламасы ç. Бірақ оны ағылшын үлгісімен ch ретінде таңбалайтындар көбейіп келеді. Басқа да түрік алфавитіне тиесілі ç, ğ, ı, İ, ö, Ş, ü әріптері компьютердегі Латын-1 символ кодтары ішінде орын алмауы, электронды поштамен қатар әртүрлі компьютерлік программаларда қиындықтар тудырып отыр. Қазірде электронды поштамен хат жазып жібергенде, түрікше әріптердің орнына түсініксіз символдардың шығып кете беретіні осыдан. Түрік алфавитіндегі ş әрпінің орнына s, ı әрпінің орнына i, ğ әрпінің орнына g қойылып кетеді. Олардың тілін түрікше (ISO) стандартына салып қана түзетуге болады.
Sh – ш ретінде жазу мәселесі ұзақ уақыт бойы талқыланып келді. ASCII стандарттарына кірмейді. Тек олар ISO-8859-1 (Латын-1) стандартына кіреді. Кіші ı, үлкен İ, Ğ/ğ, Ş/ş әріптері болса ISO-8859-9 (Латын-5) стандартының ішінен табуға болады. Үш түрлі стандартқа сай болу, біртекті болмау компьютерлік программалау тіліне кері әсер етіп отырғаны анық.
Әрине, IT мамандар алфавитті үнемі технологияға бейімдеп отырады. Әр түрлі бағдарламалар жазып, әрқилы амалдарға жүгінеді. Бірақ технологияның өзгеру, даму қарқыны барған сайын жылдамдап бара жатқандықтан, оған ілесіп отыру мүмкін болмай барады.
IT мамандар бизнес компанияларды түрік алфавитінің қолайсыздығынан құтылу үшін, 26 таңбаға негізделген классикалық латын алфавитін пайдалануға шақырады. Компьютер, смартфон, электронды пошта пайдаланушылары да өзара хат алысып, хабарлама жазуда классикалық таңбаға жүгінетін болды. Іс-қағаздарда, счет-фактура, түбіртек, банктік операциялардағы жазулардың бәрінде ноқаттар, құйрықшалар болмайды. Яғни тек классикалық 26 латын қарпінде ғана жазады. Аэропортта, телекоммуникация саласында да осы жағдай. Осыған байланысты түрік тілінің мамандары ресми әліпби бара-бара мүлде қолданыстан түсіп қалуы мүмкін деп алаңдаушылық білдіреді. Сондықтан бұл мәселені бір жақты етуіміз керек деп дабыл қағып отыр.
Ғалымдар басқа да түркі халықтарының (мәселен, өзбек, әзербайжан) ортақ әліпби қолдануды жоспарлағанын, бірақ оларға тән дыбыстарды таңбалауға қажетті әріптердің Латын – 1 символ кодтары ішінде жоқтығы кесірінен қиындықтарға тап болғанын айтып отыр. Сол себептен олардың көпшілігі ағылшын алфавитіндегі диграфтарды қолдану қажетті деген пікір ұстанып отыр. Мәселен, ş дыбысы үшін sh, ç дыбысы үшін ch диграфына көшуді тәжірибе жүзінде сынап отыр дейді.
Түркияда бұл тақырып бұқаралық ақпарат құралдарында қызу талқыланып, күн тәртібінен түскен емес. Бірер жыл бұрын Түркия президенті Тайып Ердоған түрік әліпбиін кемшіліктерден арылтып, жетілдіру жөнінде арнайы тапсырма берген болатын. Ол күнделікті түрік жұртшылығы бір ауыздан әліпбиді жетілдіру және толықтыруды қолдайтын айтты. Дегенмен ғалымдар жағы түрік тілінің осы бір проблемасын реттеудің ыңғайлы жолын таба алмай атыр. Өкінішке қарай, әу баста түрік тілінің алфавиті жасалғанда сингармонизм заңдылығы назарға алынбаған. Мәселен, қазіргі қазақ тілі сияқты үндестік қабілетінен айтарлықтай айырылып қалған. Сондықтан қазір алфавитті үндестік заңы бойынша негіздеу мүмкін болмай отыр.
Бір қызығы, классикалық 26 әріпке өту мәселесін Түркия ғана емес, Германия да жиі қозғап тұрады. Классикалық 26 таңбаға үш умляут (Ä ä, Ö ö, Ü ü) пен бір ß лигатурасын қосып алған неміс тілі де бұл проблеманы айналып өте алмай отыр. Онда да алфавитке реформа енгізіп, классикалық таңбаға өтудің жолын іздеп жатқан ғалымдар баршылық.
Жалпы әлемде латын графикасын пайдаланатын 50 шақты ел бар. Соның 40 шақтысы тілді классикалық 26 таңбаға бейімдей алмай, заманауи техникалық кедергілерге ұшырап отыр.
Бұл тұрғыдан келгенде Қазақстан жаңадан алфавит құрап жатқан ел, Түрік әліппесінің қателігін қайталамауға мүмкіндігі бар. Кезінде Радлов, Мелиоранский, Казем-бек т.б. ғалымдар айтып өткен қазақ тіліндегі сингармонизм әлі толық жойылған жоқ. Бірақ соны жаңа әліппеге сәтті енгізу уақыт еншісінде.