ТӘУЕЛСІЗДІККЕ ТАРТУ: КӨП БАЛАЛЫ АНАЛАР МАРАПАТТАЛДЫ
Ел Тәуелсіздігіне 30 жыл толуына орай, Әл-Фараби ауданында 4 ана «Алтын алқа» және 11 жас ана «Күміс» алқа иегері атанды. Алтын құрсақты аналарға тиісті төсбелгілерді аудан әкімі Рашид Мыңбаев табыстады.
— Ауданда жалпы 5374 көпбалалы ана бар. Батыр аналарымыздың 439-ы «Алтын», 1300-і «Күміс алқа» иегерлері. Жыл басынан аталған наградаға 95 көпбалалы ананың құжаты ұсынылған болатын. Ағымдағы жылдың шілде айында 18 ақ жаулықты ананы «Алтын», ал 70 ананы «Күміс» алқалармен марапаттадық. Міне, бүгін тағы 4 «Алтын», 11 «Күміс» алқаларды табыс еткелі отырмыз. Халқымыздың демографиялық әлеуетін арттыруға қосқан үлестеріңіз үшін алғысымды білдіреміз. Еліміздің алтын діңгегі болып, ізгі дәстүрлер сабақтастығын жалғап жүре беріңіздер, — деді Рашид Мамытұлы.
Айта кетейік, «Алтын алқа» наградасы жыл сайын жеті және одан көп балалы анаға, ал «Күміс алқа» алты баласы бар әйелдерге беріледі.