«Көкжиектегі» өртенген үйлер су мен нәжістің астында қалды
«Көкжиек» ықшамауданындағы өрттен зардап шеккен №31, №32 үйлердің тұрғындары әкімдікке өкпелі. Осыдан он күн бұрын аталған үйлердің мансарды өртенген болатын. Тұрғындардың айтуынша, Алматы қаласы Жетісу ауданының әкімдігі үйлердің шатыры мен сыртқы қабатына жөндеу жұмыстары жақында басталады деп уәде берген, алайда сөзінде тұрмаған. Ашынған халық кешеден бері әкімдікпен сөйлесуге тырысқан, бірақ ол әрекеттерінен ешқандай нәтиже шықпады.
№31 үйдің тұрғыны Динар Камилова жергілікті биліктің өртенген үйлерді қалпына келтіруге асықпай отырғанын айтады.
— Өрт болған уақытта әкімдік: «Жөндеу жұмыстары басталып кетті, бітіріп береміз», — деді. Екі аптаға жуық уақыт өтті, үйдің шатыры әлі күнге дейін жабылған жоқ. Білте тақтайшаларын ғана қағып қойған. Соңғы күндері толассыз жауған жаңбырдың салдарынан 6-қабаттан аққан су бірінші қабатқа дейін жетіп, дәлізді, пәтерлерді су басты. Соның салдарынан электриктер токты өшіруге мәжбүр болды, — дейді Д. Камилова.
Тұрғындардың сөзінше, арнайы бірнеше бригада жұмылмаса, жұмыс өнбейді. Бірақ айналдырған 5-6 құрылысшы үйдің әр жерін бір түртіп қойып, соның кесірінен салдыр-салақтыққа жол беріліп жатыр екен.
«Көкжиек» ауданының №31, №32 үйлерінің тұрғындары жаңбыр суы пәтерлер мен дәліздерге кіріп, алтыншы қабатта біреу дәретке отырса, сумен бірінші қабатқа дейін ағып келетінін, салдарынан жағымсыз иіс шығатынын жеткізді.
— Үйдің шатыры жабылған жағдайда өртенбеген үйлерді жаңбыр суынан аман алып қалуға болар еді, — дейді тұрғындар.
Қазгидрометтің мәліметіне сүйенсек, алдағы күндері Алматыда ауа райы жаңбырлы болмақ. Ал көп қабатты үйлердің шатыры әлі де жабылмады. Ипотекаға алған үйлері тағы да нөсердің астында қалып, тұрғындар одан да көп шығынға батпақ па? Шатырды уақытылы жөндемегендіктен зардап шегіп отырған халық өтемақыны кім төлейді деп қиналып отыр.
Заңгер Қайрат Жүкелдің пікірінше, ипотекаға алынған үй әлі мемлекеттің меншігінде тұрса, жеке пәтер кооперативіне өтпесе, жаңбыр суынан зардап шеккен тұрғындарға өтемақыны әкімдік беруі қажет.
№31 үйдің тұрғыны Ләйла Дүкенованың үйі толық өртеніп кеткен. Қазір отбасымен пәтер жалдап тұрып жатыр. Әкімдік бір айға пәтерақы ретінде 60 мың теңге берген.
— Әкімдік, құжаттары рәсімделсе, 100 АЭК (240 мың теңге) көмек көрсетілетінін айтқан. Ол қаржыға толық жөндеу жұмыстарын жүргізу мүмкін емес. Мен балконымның өзін 400 мың теңгеге жасатқанмын. Білмеймін… Әкімдік ең алдымен мүгедектерге, көп балалы отбасыларға көмектесеміз дейді. Ең алдымен үй шатырын жауып, одан кейін мүмкін болса көмектесетінін мәлімдеді. Бірақ екі апта өтті, ешқандай қозғалыс жоқ. Үйдің шатыры әлі жабылмады, — дейді Ләйла Дүкенова.
Тұрғындар жиналып, Алматы қаласы әкімінің орынбасарымен кездесуге барған. Онда үйдің шатырын тездетіп жабу мәселесін көтермек болған. Бірақ әкімдіктегілер тұрғындарды үйге қатысты барлық мәселені Жетісу әкімдігі шешетінін айтып, шығарып салыпты.
Qamshy.kz ақпарат агенттігі мән-жайды анықтау үшін Алматы қаласы Жетісу әкімдігіне хабарласты. Әкімдік өкілі ресми хат жазуымызды сұрады. Алдағы уақытта келген ресми жауапты жариялайтын боламыз.