“АРМЫСЫҢ, ӘЗ-НАУРЫЗ” ІС-ШАРАСЫ ХАЛЫҚҚА МЕРЕКЕЛІК КӨҢІЛ-КҮЙ СЫЙЛАДЫ
Астана алаңында өткен мерекелік думан музыкалық-театрландырылған қойылыммен басталды. Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков Ұлыстың ұлы күніне арналған іс-шараға қатысып, халықты Әз-Наурызбен құттықтады. Қонақтар «Қазына», «Қаракөз», «Шамсинұр», «Шаттық» би ансамбльдері мен Жұмат Шанин атындағы Шымкент қалалық академиялық қазақ драма театры актерлерінің композициясын тамашалап, әуелеген халық әндерін тыңдады.
Шымкент қалалық опера және балет театрының солистері — ҚР мәдениет қайраткері Үрәлхан Сейілбекова, Жұлдызай Мұсаева, Салтанат Жұмадилова әннен шашу шашып, көпшілікті мерекелік көңіл күйге бөледі.
Жергілікті өнерпаздардың мерекелік концерті Әз Наурыз мейрамын айшықтай түсті.
Сондай-ақ, қала тұрғындары цирк әртістерінің, аниматор, мультфильм кейіпкерлерінің бағдарламаларын және қуыршақтар шеруін тамашалады. Мерекеге тұрғындар мен қонақтар да атсалысып, ұлттық спорт ойындарынан бәсекеге түсті.
Бұл күні бес ауданда да Наурыз мейрамының іс-шаралары ұйымдастырылды. Қала басшысы әр ауданға арнайы барып, жергілікті тұрғындарды мерекемен құттықтап, жылы лебізін жеткізді.
Халық бір-бірімен көрісіп, ақшаңқай киіз үйлерде Наурыз көже мен арнайы дастарқаннан дәм татты.