«АЙТЫСТЫҢ ТАБИҒАТЫ БҰЗЫЛДЫ»

 Кәрима Оралова мінәйі мақаммен-ақ қарсыласының меселін қайтаратын, астарлап отырып ақиқатты жеткізетін ақын. Он алты жасында Оңтүстік өңірінен жарқ етіп шыққан қарлығашты халық бірден көтермелеп, қанатына қалқалады. Айтыстың анасы Тәушен Әбуованың батасын алып, республикалық аламандарда топ жарды. Бүгінде төл өнерімізде өзіндік орнын қалыптастырған, артынан ерген шәкірттерімен мақтанатын тұлға.

Өз уақытында елдің ықыласына бөленген ақынды бүгінде көрермендері көп іздейді. Айтыс жанкүйерлерін сүйікті қыздарымен қауыштырмақ ниетте іздеп бардық…

 — Кәрима әпке, соңғы кезде өзін айтыстан кеттім деп жариялап немесе мүлдем басқа салаға бет бұрған ақындарымыз көбейді. Сізді де сахнадан сирек байқап жүрген сияқтымыз…

— Жұрттың көкейінде жүрген сұрақты қойып отырсың.

Мен еш жерде айтысты қойдым деп мәлімдемедім. Ата-әжелеріміз жақсы білетін шығар, бертінге дейін дәстүрлі республикалық наурыз айтысына қалмай қатысып келдім. Биыл бармадым. Жалпы, тек айтыста емес, кез келген өнерде, спортта, белгілі бір даму кезеңдері, кейінгі толқынмен аға буынның орын алмастыратын сәті туады. Бізде орта буынды алқалап, сол сәтке жеткен секілдіміз.  Шынын айтқанда, қарсыластардың бәрі жасарып кетті (күліп). Баяғыда Тәушен апам батасын бергенінде, менімен айтысатын шал да қалмапты деп күрсініп еді. Сол кезде апам қырықтан асып қалған екен. Қазір сол күйі өзімізге жетті. Артымыздан ерген кілең өзімнің шәкірттерім, балаларым. Айтысып та көрдік. Оларды басып озудың орнына, жолын ашқымыз келіп тұрады. Қажымұқанмен сайысып едім, «мама» деп әуелетті. Содан кейін не айтасың бұл балаларға?.. Әділқазыларға да анасындай адаммен  сайыстырып, жүлде беріп тұрған ыңғайсыз. Айтыстың ақтаңгері Жүрсін ағамыз кезекті бір айтыста Кәриманың баласына берген батасы болсын, баға беріп қайтеміз деп еді. «Қатарың болмаса тойға барма» деген осы екен. Әйткенмен, бізді бәрібір ел сағынатынын білеміз. «Ой, мына жастардың не айтып, не қойғанын түсінбейміз. Тосыннан таңдай қақтыратын сендердің жөндерің бөлек» деп, баяғы ақындарын іздеп жатады. Одан кейін айтыстың бәрі бұрынғыдай теледидардан берілмейтін болды. Бұл да біздің көріне бермеуіміздің бір себебі. Алайда, ел ішінде өтіп жатқан бәйге, астарға арнайы шақыртумен, құмарымыз қанғанша айтысып, бәз баяғыдай елді шулатып жүрміз. «Айтыста жүрмесем де, аста жүрмін» деп әзілдейтінім осы (күліп).

Ол кезде ақындар да аз еді. Қазір көбейіп кетті ғой. Өзімнің артымнан ерген балаларым болған соң меселін қайтарып, ауыр сын айтқым да келмейді. Бірақ шындығына келсек солардың 50-60 пайызы шын суырыпсалма, табиғатынан таланттар емес. Орындаушылық шеберлігі жоғары, домбыраны жақсы тартатын, термеші балалар айтысқа да еніп кетіп жатыр.  Даусымен, әнімен баурап, шоу жасап кетеді де, халықтың ықыласына бөленеді.

— Айтыскерлер көбейгенімен Айнұр мен Балғынбек , Сара мен Аманжол сынды халықтың асыға, делебесі қоза отырып тыңдайтын, сағына күтетін жұптары қайталанбады. Ақындар да әрқайсы әр саланың пұшпағын илеп кетті. Жалпы қазақ айтысы үлкен өзгерістерді бастан өткізіп жатқандай… — «Айтыс екіге бөлінді, ақындар бөлініп кетті» деп бүкіл баспасөз даурығып жазды, халық шулады. Әрине, бұл сөз біздің де жүрегімізді ауыртты. Шындығында ақындардың бөлінген ештенесі жоқ. Ортамыздағы сыйластық бұзылмады. Бір-бірімізбен сол күйі араласып жүрміз. Сәлемеміміз түзу. Кез келген салаға биліктің де ықпалы тиетінін қаперде ұстау керектей. Биліктен тапсырма болмаса, қаржы бөлінбесе, қай өнер болмасын өз деңгейінде дамымайды.

Көрермендерге белгілі, теледидардан айтыс көрсетпей қойған жылдар  болды. Әйтеуір зиялы қауымның, өзіміздің шырылдауымызбен төл өнер сахнаға қайта оралды. Айтыскерлер отырып алып тек дінді айтатын болып кетті деген жел сөз тарады. Осындай даурықпа әңгімелер айтыстың құтын қашырды. Жалпы соңғы кезде тек айтыста емес, барлық салада өзгерістер орын алды. Қоғам, адамдар өзгере бастады.  Әнші, журналистер де өзгерді. «Көзден кетсе, көңілден кетеді» демекші, теледидардан жылтыңдай бермеген соң бізді айналайын халық айтыстан кетті деп ойлап жүр. Алайда дәл қазіргі өмірімде маған туысқандарымнан кейін жақыны осы айтыскерлер қауымы. Бәріміз немере сүйіп, қуанышымызға ортақтасып, алдымыз ата-әже атанып жүрміз. ­

— Өзіңіз айпақшы айтыстағы біраз жылғы үзілістен соң жаңа форматта «шоу айтыстар» пайда болды. Әншілерден «айтыскер» жасап шығарудамыз. Сөзіңіз аузыңызда, «Ақындар тек дінді уағыздайтын болып кетті» деген пікірлердің барын да айтып отырсыз. Осының бәрін сіз қалай қабылдайсыз?

— Дін саласында дінді білетін адам ғана жауап бергені жөн. Уағыз айту үшін діни білімін болғаны жөн. Оны бала тәрбиесінде, өз тәрбиең үшін қолданғанынмен өнерге араластыра берудің қажеті жоқ деп ойлаймын. Айтыс – сөздің майданы, қалжыңның қазаны. Қазақта айтыстың түрі көп болған, бірақ, «діни айтыс» деген болмады. Біреулер «халал айтыс» деп жүр. Күлейін десең, Құдайдан қорқасың (күліп). Ақындардың ішінде діни сауаты бар Жәкен Омаров, Мұхамеджан Тазабековтер еді. Бәріміз «Құдай жоқ» деген заманда да жарапазан айтып өстік. Дінге қайшы деп, ауызға келген шумақтан өзімізді тыя берсек, тек тілек айтсақ ол кәдімгі арнау болып кетеді емес пе? Жалпы айтыстың табиғатын бұзып алғандаймыз. Айтыс деген менің түсінігімде кәдімгі бірі өліп, бірі қалсын дейтін сөздің майданы. Сондықтан айтысқа дінмен шектеу қоядың қажеті жоқ. Жұрттың да күтетіні әдемі әзіл, елдің мұңын, көкейіндегісін тайсалмай жеткізу. Өзім әлі күнге дейін қыз бен жігіт айтысындай қылжақтай бермесем де, жеңге, балдыз боп, қалжың айтыс жасаймын. Айтыстың қазақы қалпында, шынайы табиғатында қалғанын қалаймын.

 — Бұл өнерге қалай келдіңіз?

— Оқушы кезімде Ордабасы ауданының орталығы Темірланда жылда қатарынан үлкен дәстүрлі республикалық айтыс өтетін. Оны біртуар жан Нармахан Бегалиев ағамыз ұйымдастыратын. Бұл өзі ардагер айтыскер мен дүбірге енді қосылған бала айтыскерлердің арасын жалғайтынтын үлкен бір маңызы бар дода еді. Бүгінде танымал талай айтыскерлердің тұсауы осы жобада кесілген. Ол кезде домбыра тартып, сәл ғана «әу» дейтін бала көрсе қуанатын заман. Сол баланы жарыққа шығарғанша баптап, үкілейтін. Бір күні ұстазым Әбдіхалық Әбдірайымұлы өлең жазатын қыздарды үйірмеге шақырды. Екі-үш-ақ қызбыз. Сол кісі «Кәрима, сенен бірнәрсе шығады» деп жетектеп, сөз өнеріне баулыды. Бірінші терме айтқызып жүрді, сол арқылы айтысқа өзімнің қызығушылығым арта түсті. Үйде, теледидардың алдында айтысты күтіп отыратынмын. Анама бұл талабым ұнап,«басқа жаққа ауыстырмаңдар, осы қыз айтыс көрсін» деуші еді. Шешем кіші жүздің арқалы қызы еді. Жүрген жерінде думандатып, әндетіп, түрлендіріп жіберетін. Онсыз ауылда той өтпейтін. Құдалықтарда суырып салып, ауылдың алты ауызын айта беретін. Үлкен сахнаға шықпаса да, өз ортасында өнерімен танылған жан. Нағашыларым да жазба ақын болған адамдар.

Сол ескі теледидардан Әселхан, Тәушен апаларымызбен танысып, қатарларына қосылып кеттім ғой. Ол кездері ілуде біреу жылт етіп шықса халық тез қолдайтын. Жаңағы респуликалық айтысқа алғаш рет Бекарыс Шойбеков «пионер», мен «комсомол» жасындағы ақын болып келдік. Сахнаға ақ жейде мен қызыл галстук таққан сары бала шыққанда бүкіл зал дуылдап, төбесіне көтерген. Осы айтысқа қарағандылық Қуаныш Мақсұтов та келді. Ол Қуаныштың дүркіреп, сары тентек атанып жүрген кезі. Оның айтыстарын да теледидардан бақылап жүретінмін ғой. Үнемі шумағының соңына «қандай» деген сөз қосып айтатын әдеті бартын. Осы айтыста сол Қуаныш қарсыласым болды. Мен атақты «Гүлсім-ау» әніне салып отырып, «Қандай-қандай, қандайды» деп өзіне әзілмен тиіскенім бар. Үлбіреп тұрған балауса кезім ғой, не айтсам да халыққа өтімді. Сол республикалық додада мықтымын деген Қуанышты жеңіп, ол титтей қызға жығып бердіңдер деп намыстанып, өкпелегені бар. Осыдан соң бірден айтыстың қаймақтары Тәушен апа, Әселхан апа, Қаныбек Сарыбаевтармен бірге Алматыдағы айтысқа шақырылдық. Сол Алматыдағы айтыста Тәушен апаның батасын алдым. Әбіш Кекілбаевтың қолынан  екінші орынның Алғыс хатын алып, жұлдызым жанған. Сонда 11-сынып оқитынмын.

— Кезінде бірнеше шетелдерде де төл өнерімізді танытып қайттыңыз. Шетел қазақтарының айтысқа құрметі қандай екен?

— Өте жоғары деңгейде. Домбыра қағылғаннан қошемет көрсетеді. Өнерге, мәдениетке деген құрметі керемет. Тәртіп пен мәдениет деген бізден алда. Ол жағына бас иіп келдім. Мәскеу қазақтарының дәл уақытында залға жиналуы, ұрған шапалақтарының өзі мәдениетке тұнып тұр. Ал Қытай қазақтары нағыз қазақтар дерсіз. Ондағы қандастарымыз сағыныштан жылап қарсы алып, жылап шығарып салып еді. Үлкені, кішісі болсын «Қазағым» дегенде жанын қиып жіберуге дайын тұр. Біз білмеген дәстүрлер, әуендердің барлығы Қытай қазақтарының қоржынында сақталыпты. Қытайдан оралған қандас әнші ініміз Әділ Сламхан туған жерінде концерт өткізген сайын елден екі ақын апарып, сол жақтың айтыскерлерімен сөз сайысын өткізеді екен. Біле білгенге бұл да өнерге деген үлкен жанашырлық ғой.

— Поэзиядағы кей әріптестеріңіз әлеуметтік желілерде айтыс ақындарына деген қызығушылықтан туған «қызғаныштары» барын жасырмай жазып жүр…

— Иә, бұл бұрыннан бар дау. «Айтыс ақындары жиырма минут айтысып, көлік мініп кетеді. Біз бір кітапты әрең шығарамыз» деп өкпелейтіндері жасырын емес. Менің айтарым, айтыскерлік пен жазба поэзияның табиғаты мүлде екі бөлек жанр. Айтыскер бір өзі бір театр болуы қажет. Сонша халықты сөзімен үйіріп, әуенімен әуелетіп, керек десең ұлттық костюмімен сән беріп, аяқ астынан суырып салу бәзбіреулер ойлағандай соншалықты оңай әрі жеңіл емес. Ал, сол халықты поэзия кешіне әкеліңізші, айтыстан алған ләззатын, өнерге деген сусынын қандыра алар ма екен?! Поэзия ешқандай шоусыз, тыныштықта, жан рахатын, күйзелісін өлеңмен өретін өнер. Содан соң, бәйгені сөз қылып, қызғану да біртүрлі. Бағзы заманнан аузы дуалы ақынға ат мінгізіп, шапан жабу салты бар. Осындай кері пікірлер айтпас бұрын адамда екі жанрдың табиғатын ажырата алатындай білім болуы керек деп ойлаймын.

— Тәлімді, тәрбиелі термелеріңіз де халықтың жүрегінен орын алып жүр. Бұл өнеріңізге қазір қаншалықты көңіл бөліп жүрсіз?

— Негізі құлаққа жағымды терме естіп, бірақ сөзіне көңілім толмаса өз сөзіммен өзгертіп айта беретінмін. Ал көпшілік арасында таңылып кеткен «Өмір туралы» термем, Мұхтар Құраловтың әуеніне жазылған. Оны мен бірінші курста жүргенде жазып қойғанмын. Бірақ жарыққа шығатын уақыты енді келіпті. Дәл осылай бұрынырақта жазып қойған «Қыз өссе» деген термем де енді ғана қыз ұзату тойларында орындалып жүр екен.

 — Басқа айыскерлер секілді өзге салаға кету ойыңызда жоқ па?

— Қазір жоғары оқу орнында білгенімді, өнерімді жастарға үйретіп жүрмін. Мен енді әртіс болып кете алмаймын. Бизнес жасап көрдім, қолымнан келмейді екен. Сатамын деген затымның бәрін тегін сыйға таратып тастаймын. Бизнес жасау үшін керегі қолдың ашықтығы емес, пысықтық және есеп. Ал, мен «бір күнде мыңды алып, жүз берсең де, қалтамның түбі тесік байымаймын» дегендей, қолы ашық адаммын. Әлеуметтік желіге де аса қызықпайды екенмін. Бірақ, бұл заманның талабы сол болып тұр. Басқа салаға бейімделе алып, дөңгелетіп жүрген әріптестерімнің жетістігіне тек қуанышпен қараймын, қызығамын.

— Әңгімеңізге рақмет!

 

Сұқбаттасқан

Аяулым ТАСТАНБЕК.