ШЫМКЕНТТЕ 8 МЫҢНАН АСА АДАМ КОРОНАВИРУСҚА ҚАРСЫ ВАКЦИНА САЛДЫРДЫ
Шымкентте коронавирусқа қарсы вакцинаның бірінші компонентін 8395 адам, екінші компонентін 4310 адам ерікті түрде салдырды. Оның ішінде 4907-і медицина қызметкерлері болса, 2668-і педагогтар. Ал 546-сы полиция қызметкерлері мен 274-і басқа да санаттағы азамматтар. Екпе егілген адамдардан кері әсер байқалмаған.
Вакцинаны 21 күндік аралықта екі кезеңде салады. Бірінші доза антиденелердің аз мөлшерін өндіруге байланысты қысқа қорғаныс әсерін береді. Екінші доза біріншісінің әсерін күшейтеді және нығайтады, адам организміндегі антиденелер саны арттырады.
Вакцинаны салмас бұрын адамның аллергиясы бар-жоғы анықталады. Егер ауыр аллергиялық сырқаты болса, вакцина салынбайды. Бұл ретте аллергиялық реакцияны болжау мүмкін емес, себебі әрбір адамның ағзасы әртүрлі. Дер кезінде мән беру үшін вакциналаудан кейін 30 минут дәрігердің бақылауында болуы керек. Дәл осы аралықта вакцинаға аллергиялық реакция болуы мүмкін. Одан кейін 3 күн бойы тіркелген жері бойынша учаскелік дәрігерлердің бақылауына алынады.
КВИ-ге қарсы вакциналау 18 жастан асқан адамдарға жүргізіледі. Құрамында ұқсас компоненттері бар вакцинаның қандай да бір компонентіне аса жоғары сезімталдық өмірінде ауыр аллергиялық реакциялармен кездескен жағдайда, жүктілік және бала емізу кезеңінде, 18 жасқа дейін және 60 жастан жоғары адамдарға вакцина салынбайды.
Вакцина салдыру үшін тұрғылықты жердегі емханаға бару керек. Халықты вакциналау аумақтық медициналық ұйымдардың егу пункттерінде, арнайы контингентті вакциналау тиісті ведомствоның қызмет орнында жүргізіледі. КВИ-ге қарсы вакциналау әр адамның қалауы бойынша іске асырылады, оған ешкімді мәжбүрлемейді. Вакциналаудан бас тартқан адам әкімшілік немесе қылмыстық жауапқа тартылмайды.
— Вакцина – коронавирусты инфекциядан сақтанудың жалғыз сенімді жолы. Оның денсаулыққа зиянды әсері жоқ. Екпенің денсаулыққа зиян екені жайындағы қауесет сөздердің ешқандай дәлелі жоқ. Әрине, күтілетін реакциялар бар. Бірақ, бұл уақытша белгілер және ол қалыпты болып саналады. Шымкент қаласы бойынша егуден кейінгі асқыну тіркелген жоқ. Иә, кейбір адамдарда аздаған жағымсыз әсерлер болды. Бірақ, сіреспе синдромы (судорожный синдром), анафилактикалық шок, қатты аллергиялық белгілер бірде бір адамда болған жоқ. Сондықтан дәрігермен кеңесе отырып вакцина қабылдаудан қорықпауға шақырамын, — деді Шымкент қаласы Денсаулық сақтау басқармасының штаттан тыс Бас эпидемиологы Гүлмира Әлімбаева.
Шымкент қаласының Ақпараттық-коммуникациялық орталығы