ШЫМКЕНТТЕ 163 МЫҢНАН АСТАМ АДАМ КВИ-ҒА ҚАРСЫ ВАКЦИНА АЛДЫ
Шымкент тұрғындары коронавирус инфекциясына қарсы вакцинаны белсенді түрде алуда. Халықтың вакцинаға деген ықыласы жақсы. Күні бүгін вакцина алатын контингенттің 30 пайызынан астамына вакцина салынды, Шымкент бұл көрсеткіш бойынша көш басында,-дейді қала әкімі Мұрат Әйтенов.
Үкімет отырысына селекторлық режимде қатысып, қаладағы эпид ахуалды баяндаған қала басшысы ақпан айынан бастап азаматтарды вакцинациялау үшін 43 стационарлық және 25 жылжымалы бекет ұйымдастырылғанын атап өтті.
«Бүгінге бірінші компонент 163 515 азаматқа, ал екінші компонент 66 657 азаматқа салынды. Халықтың вакцинаға деген ықыласы жақсы. Күні бүгін вакцина алатын контингенттің 30 пайызынан астамына вакцина салынды. Вакцинациялауға 753 медицина қызметкері оқытылып, жұмылдырылды»,-деді әкім.
Шымкент қаласы тұрғындарына бұқаралық ақпарат құралдары арқылы санитариялық-эпидемиологиялық нормаларын сақтау және короновирус инфекциясына қарсы вакцинациялау бойынша кең ақпараттық түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.
Бұдан бөлек, қала әкімдігі жанынан ашылған call-center тәулік бойы жұмыс жасауда. Қаладағы бизнес субьектілері үшін «Ashyq» жобасы іске енгізілді. Қазіргі таңда, 428 бизнес субьектілері жобаға қосылды, статус анықтау барысында 25 қызыл және 87 сары түспен азаматтар анықталған.
Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі