ШЫМКЕНТТЕ ӘЛЕУМЕТТІК САЛАДА ІЛГЕРІЛЕУ БАР
Бүгін Шымкент қаласы әкімдігінің Ақпараттық-коммуникациялық орталығында Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Білісбеков Ерғали Дәулетбекұлы қаланың стратегиялық дамуы аясында атқарылып жатқан жұмыстары бойынша баспасөз-брифингін өткізді.
Баяндама барысында Ерғали Дәулетбекұлы өзі жетекшілік ететін тұрғын үй, жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау, экономика және бюджеттік жоспарлау, қаржы салалары бойынша атқарылып жатқан жұмыстар бойынша мәліметтер берді.
Шымкент республикалық қала статусына ие болғалы қаланың әлеуметтік-экономикалық даму қарқыны ілгерілеп, оң өзгерістер байқалуда. Үш жылдың ішінде қалаға 1 трлн. теңгеден астам инвестиция тартылған. 1,7 млн. шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді.
Осыдан 3 жыл бұрын өнеркәсіп өнім көлемі 425 млрд.теңгені құраса, жыл соңында 710 млрд.теңге болады деп жоспарлануда. Қала бюджеті 2017 жылдан бері 3,7 есе өсіп, 131,2 млрд.теңгеден биыл 481,6 млрд.теңгеге жетті. Салық базасы өсіп, жергілікті бюджетке өзіндік түсімдер 57 млрд. теңгеден 150 млрд. теңгеге артқан.
– Өздеріңізге белгілі бүкіл әлемде орын алған пандемия әлемдік экономикаға орасан зиянын тигізіп отыр. Бұл жағдай біздің қаламызды да айналып өткен жоқ. Карантиндік шектеулерге байланысты сауда, көлік, қызмет көрсету салалары үлкен зардап шекті. Нәтижесінде іскерлік белсенділік айтарлықтай баяулады. Десек те, 2021 жылдың қаңтар-мамыр айының қорытындысымен Шымкентте өнеркәсіп өнім көлемі 295 млрд.теңге болып, өткен жылдың сәйкес кезеңінен 10,1 пайызға артты, – деді Ерғали Дәулетбекұлы.
Есепті кезеңде өңдеу өнеркәсібіндегі химия өнеркәсібі – 2,1 есеге, фармацевтикалық өнімдер өндірісі – 28,1 пайызға, тоқыма бұйымдары – 23,7 пайызға, тамақ өнімдерін өндіру – 15,8 пайызға, металлургия өндірісі – 15 пайызға артып отыр.
Қалада сондай-ақ өндірісті дамыту мақсатында, ауданы 718 га 4 өнеркәсіптік аймақ жұмыс істейді. Атап өтер болсақ, «Оңтүстік» және «Тассай» индустриалды аймақтары мен «Оңтүстік» көлік-логистикалық аймағы, «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймақтарында 11 мыңнан астам жаңа жұмыс орындарын құрумен 254,2 млрд. теңге сомасына 174 инвестициялық жоба іске асырылуда. Оның ішінде, бүгінгі таңда 137,5 млрд.теңге сомасына 7,5 мыңға жуық жұмыс орнымен 112 жоба іске қосылды. Қала экономикасын алдағы 5 жылға дамыту мақсатында биылдан бастап 2021-2025 жылдарға дамыту бағдарламасы жаңа форматта әзірленіп, іске асырылуда.
Қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуы тұрғысында маңызды салалардың бірі — қаржы саласы. Биылғы түсімдер жоспары 451 млрд 275,4 млн теңгені құрайды. Оның ішінде салықтық түсімдер, салықтық емес және негізгі капиталды сатудан түсімдер мен трансферттер бар.
Жиында атап көрсетілгеніндей, осы жылдың 5 айында жергілікті бюджетке түсетін салықтар мен басқа да түсімдердің жоспары 121,8 %-ға орындалған. Яғни, жоспар бойынша 54 млрд. 39,6 млн.теңгенің орнына нақты 65 млрд. 820,2 млн.теңге түсіп, 11 млрд. 780,6 млн.теңгеге артық орындалды.
– Бюджеттің шығыстар бөлігін орындау жөніндегі көрсеткіштердің де жаман еместігін атап өткім келеді. Өткен жылдың қорытындысымен 452,7 млрд.теңге бюджет қаржысы игеріліп, жоспарланған меже 99,7%-ды құраған болатын. Бұл біздің қаламыздағы соңғы жылдардағы жоғары көрсеткіш, –деді қала әкімінің орынбасары.
Биыл бюджет шығыстарының басым бөлігі әлеуметтік салаға бағытталып отыр. Оның ішінде бiлiм беру, әлеуметтiк көмек және әлеуметтiк қамсыздандыру, мәдениет, спорт, туризм, ақпараттық кеңістік және денсаулық cақтау салалары. Жалпы бюджеттің игерілуі туралы мәліметтерді қала әкімдігінің және қаржы басқармасының сайтынан көруге болады. Мәліметтер ай сайын жаңартылып отырады.
2021 жылдың 5 айында 36 969 әлеуметтік аз қамтылған отбасыға 7,3 млрд. теңге көлемінде көмек көрсетілді. Осы көмекті алушылардың ішінде 1-6 жасқа дейінгі балалары бар отбасылардағы 34 193 балаға «Грамад» сауда орталығы арқылы 131 392 дана кепілдендірілген әлеуметтік топтама таратылды.
– Айта кету керек, атаулы әлеуметтік көмек — табысы төмен азаматтарға төленетін уақытша мемлекеттік қаржылай қолдау. Халықтың әл-ауқатын жақсарту мақсатында ең алдымен жұмыссыз азаматтарды жұмыспен қамтуымыз қажет. Осыған орай «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде биыл 21 841 адамды жұмыспен қамту шараларына қатыстыру жоспарланып, 2021 жылдың 5 айында 9 155 адам немесе жоспар 41,9 пайызға орындалды, – деді Ерғали Білісбеков.
2021 жылдың 5 айында 961 адам «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздерге оқытуға жіберілді, 7 адамға шағын несие, 584 адамға мемлекеттік грант берілді, 3 750 адам бос жұмыс орындарына, 175 адам әлеуметтік жұмыс орындарына, 870 адам жастар практикасына, 2 808 адам ақылы қоғамдық жұмыстарға орналасты. Яғни, азаматтарды жұмыспен қамту шаралары жүйелі түрде жүзеге асырылуда.
Ардагерлер мен аз қамтамасыз етілген және мүмкіндікі шектеулі азаматтарға әлеуметтік қолдау көрсету де басты назарда. Бүгінгі таңда Шымкент қаласы бойынша зейнеткерлер саны – 81 241 адамды құрайды. Оның ішінде 20 ҰОС ардагері және 3244 тыл еңбеккерлері бар. Көп балалы аналар саны – 43 281, оның ішінде «Алтын алқа», «Күміс алқа» белгілерімен марапатталғандар – 10 198, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 794 бала және мүгедектігі бар балалар саны – 5761, сондай-ақ Үкімет қаулысымен бекітілген кейбір созылмалы аурулардың ауыр түрімен ауыратын адамдар саны – 490.
Әлеуметтік қолдау мақсатында оларға мереке мен атаулы күндерге арналған бір реттік және ай сайынғы 13 көмек түрлері көрсетілуде. Санаторлық-курорттық шипажайларға өтініштері бойынша жолдама беріледі.
Жыл басынан мүгедектігі бар азаматтарға әлеуметтік қызметтер порталы арқылы қажетті құралдар мен қызметтерге тапсырыс беруі іске қосылды. Яғни, мүгедектігі бар азаматтар техникалық оңалту құралдарының 55 түрін және қызметтердің 3 түрін өзінің электрондық қолтаңбасын (ЭЦҚ) пайдалана отырып, әлеуметтік қызметтер порталы арқылы тапсырыс беруге қол жеткізілді.
Қазіргі таңда Шымкент қаласы бойынша тұрғын үй алу тізімінде 44 850 азамат тіркелген. Жоспарға сәйкес, ағымдағы жылы 976 азаматты сатып алу құқығынсыз арендалық пәтермен қамтамасыз ету көзделіп, бес айдың қорытындысы бойынша 608 азамат тұрғын үймен қамтылды. Оның ішінде 300 жалдамалы баспана жұмыс істеп жүрген жастарға, 18 пәтер жетім балаларға, 148 пәтер көпбалалы отбасыларға, 142 пәтер халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз тобына қолданысқа берілді. Қалған 368 пәтер тұрғын үйлердің құрылысы аяталып тапсырылуына қарай үлестірілетін болады.
– Қазіргі таңда арендалық тұрғын үйлер белгіленген тәртіппен кезек арқылы көпбалалы отбасыларға, халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз топтарына және жұмыс істейтін жастарға қарастырылған. Ал бюджеттік ұйым қызметкерлеріне «Нұрлы жер» мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасы аясында несиелік бағдарламалар ұсынылуда. Биыл тіпті мұқтаж азаматтарға ипотекалық тұрғын үй қарызы бойынша бастапқы жарнаның бір бөлігін жабу үшін қайтарымсыз негізде әр азаматқа 1 миллион теңгеден берілетін тұрғын үй сертификаттарына жалпы 500,0 млн. теңге қарастырылып отыр, – деді қала әкімінің орынбасары.
Сонымен қатар, биыл жоспар бойынша пайдалануға берілетін кредиттік тұрғын үйлер саны – 60 (3 824 пәтер). Аталған үйлерді келесідей бағыттар бойынша сату жоспарлануда: «Шаңырақ 5-10-20» бағыты бойынша 27 үй, 1728 пәтер; «5-20-25» бағыты бойынша 18 үй, 1088 пәтер; «7-20-25» бағыты бойынша 15 үй, 1008 пәтер.
Бұдан бөлек, «2-10-20 Бақытты отбасы» бағыты бойынша өңірлер шеңберінде бөлінген лимитке сәйкес 589 азамат екінші нарықтан «Отбасы банк» арқылы несие рәсімдеп пәтермен қамту жоспарда. Сонымен жоспар бойынша 4413 азаматты несие негізінде пәтермен қамту көзделген.
Ал ашықтықты қамтамасыз ету үшін кезекте тұрғандардың бірыңғай республикалық электрондық дерекқорының сервисі қолданылуда.
Жиын соңында әкім орынбасары журналистердің сауалдарына жауап берді. Үйдің кезегі компьютер арқылы жылжитынын, оған адами фактор әсер етпейтінін алға тартқан ол қала тұрғындарын «үй әперемін», «несие әперемін» деген алаяқтарға алданбауға шақырды.