ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ ИЗРАИЛЬ КӘСІПКЕРЛЕРІМЕН ЖҰМЫС ЖАСАУҒА ДАЙЫН
Түркістан облысы әкімінің орынбасары Рашид Аюпов Израиль Мемлекетінің Қазақстан және Қырғыстан Республикаларындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Лиат Вексельманмен кездесті.
Кездесуде екі жақты ынтымақтастық жайлы сөз болып, агроөнеркәсіп кешені мен ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу, жоғары технологиялар саласындағы, сондай-ақ, өңірдегі туризм саласын дамыту жайы талқыланды.
«Түркістан қаласын 2050 жылға дейін дамытуды жоспарлаудамыз. Қаланың шағын, тарихи, әрі туристік орталық болатынына сенеміз. Келешекте жылына 5 миллион турист қабылдауды жоспарлап отырмыз. Бұрын пандемияға дейін қаламызға бір жарым миллион турист келген болса, пандемия кезінде 900 мыңға жуық адам келді. Биылғы жылы әсіресе демалыс күндері тәулігіне 12 мың турист келуде. Жалпы біз осы жылы 2 миллионға жуық турист болады деп болжап отырмыз»,-деді Рашид Аюпов.
Кездесу соңында, облыс әкімінің орынбасары мәртебелі мейманды Түркістан облысының инвестициялық мүмкіндіктерімен таныстырып, Израиль кәсіпкерлерін бірлесе жұмыс жасауға шақырды.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі