АЗАТТЫҚ — БАБАЛАРДЫҢ АРМАНЫ ЕДІ

Азаттық – ата-бабаларымыздың көптен көксеген асыл арманы еді. Сол асқақ арманға қол жетті. Кешегі қазақ жастарының өршіл мінезін танытқан Желтоқсан көтерілісі де жаңа тарихымызға елеулі із қалдырды. Биылғы жылы Тәуелсіздігінің 30 жылдығын атап өткелі отырған Қазақ елі бұл күндері төрткүл дүниеге танымал.

Мемлекетіміз ұзақ мерзімді стратегиялық жоспарлар, іргелі бағдарламалар қабылдап, солардың бәрін сәтті жүзеге асырып келеді. Алдағы мақсат – Тәуелсіздігімізді тұғырлы, мемлекетімізді ғұмырлы ету.

Қазақ ұлтының сақталуы, ықылым заманнан өзі мекендеген ата жұртында дербес мемлекет, егемен ел ретінде шаңырақ көтеріп, өркендеуінің бастауы Тәуелсіздікке келіп тірелетіні анық. Сондықтан да қазақ үшін Тәуелсіздік күнінің алатын орны ерекше екені даусыз. Бүгінде ел болып, тереземіз басқа жұртпен тең болып, халықаралық деңгейде толыққанды мойындалған мемлекет ретінде өмір сүріп жатқанымызға да 30 жылдың жүзі болып отыр. Тарих үшін соншалықты көп уақыт болмаса да, осы жылдар ішінде ғасырларға бергісіз қыруар істер атқарылды.

Экономикалық-әлеуметтік, саяси, қауіпсіздік мәселелерінде, оның ішінде жаһандық, өңірлік проблемаларға қатысты өз алдына дербес шешім қабылдай алатын, өз ұстанымына берік егемен мемлекет бола алатынымызды барлық қырынан айқындап, мойындаттық.

Еліміздің тұғыры биік, Тәуелсіздігіміз мәңгілік болғай!