АСТАНА САММИТІ — ТӘУЕЛСІЗДІК ЖЕТІСТІГІ

2010 жылдың 15 жел­тоқсанында өткен Астана Саммиті ЕҚЫҰ-ның барлық елдерін біріктірген айтулы оқиға болды. Одан 19 жыл бұрын Қазақстанның бас қаласы – Астана әйгілі «Хельсинки рухының» лайықты ізбасары болатыны ешкімнің ойына келмеген еді.  Астана Саммиті – Қазақстанның жұлдызды шағы болды.

Саммитте сөйлеген сөзінде Елбасы Н.Назарбаев 11 жылдық үзілістен ке­­йін өткен Астана форумының тарихи мәнін, жаңа замандағы қауіпсіздік пен ынтымақтастыққа көшетін тұстағы маңы­зын атап айтты. Саммит барысында ЕҚЫҰ-ға мүше және әріптес 68 елдің ресми делегацияларының басшылары Ван­куверден Владивостокке дейінгі ұлан­ғайыр кеңістіктегі қауіпсіздіктің қатер­лері мен сынақтарын сөз етті. Ұйымға мүше мемлекеттер арасындағы сенім мен өзара түсіністікті нығайту мақсатында ЕҚЫҰ-ны жетілдіру жолдарын талқыға салды. Ең бастысы, жаһандық жиынға қаты­сушылар 2010 жылғы Қазақстанның ұйымға төрағалық еткендегі белсенді, жемісті қызметін жоғары бағалады. Сам­миттің негізгі жетістіктерінің бірі – «Қауіпсіздік қауымдастығына апарар жолда» атты Астана декларациясының қабыл­дануы. Осы құжатта ұйымға мүше-мемлекеттер әскери-саяси саладағы сенім мен ашықтыққа, экономика мен экология саласындағы салиқалы саясатқа және адам құқықтарының толықтай сақталуына негізделген ЕҚЫҰ-ның қауіпсіздікке қа­тысты жалпыкөлемдегі ұстанымын растады. Онымен қоса, аталған құжатта еуроатлантикалық және еуразиялық қауымдастыққа апаратын жүйелі жолдың сызбасы жасалды.