БАУЫРЛАС ХАЛЫҚТАРҒА КӨМЕК ҚАЗАҚСТАННЫҢ ҰСТАНЫМЫ

Тәжікстанда 1992 жылы басталған азамат соғысы – посткеңестік кеңістікте ең қанды қырғындардың бірі болды. Сарапшылардың бағалауынша, әскери іс-шаралар барысында ондаған мың адам қырылып, жүздеген мың адам босқынға айналды. Іс жүзінде тәжік-ауған шекарасы күзетілмеді. Одан қарулы топтар еркін өтіп жататын, есірткі еркін тасымалданатын және осының бәрі бүкіл аймаққа елеулі қатер төндіретін. 1992 жылдың 11 қарашасында күрделі ахуалға орай, Тәжікстанның Жоғарғы Кеңесі ТМД елдеріне республикаға бітімгерлік күштерін енгізу туралы өтініш жолдады. 1993 жылдың 22 қаңтарында Минскідегі ТМД саммитінде мемлекет басшылары бұл үндеуді қарастырып, қолдады. Осыған байланысты, Елбасы Н.Назарбаев Жоғарғы Бас қолбасшы ретінде құрамында шекара, ішкі және жаяу әскер түрлерінен құралған роталары бар 700 адамдық жеке құрама батальонды Тәжікстанға ауған шекарасының ең қатерлі учаскелерінің бірін күзетуге жіберуге бұйрық берді. Өкінішке қарай, кейбір сарбаздарымыз опат болды. Олар біздің ортақ мүддемізді қорғауда өздерінің жауынгерлік борыштарын абыроймен атқарды. Қазақстан батальоны, тәуелсіз мемлекеттердің басқа да бөлімшелерімен бірге, тәжік жерінде бейбітшілік орнатуға ықпал етті. Алдына қойылған міндеттерді орындау барысында қазақстандық сарбаздар бірнеше мәрте Тәжікстан аумағына енуге әрекет жасаған қарулы құрылымдарға соққы берді, қару-жарақ пен есірткі тасымалына тосқауыл қойды. Олар жағдай тұрақталған 2001 жылға дейін тәжік-ауған шекарасын күзетті. Осы уақытта батальон құрамында 8 мыңнан астам адам қызметтен өтті, көптеген офицерлер мен солдаттар көрсеткен ерлігі үшін орден-медальдармен марапатталды.