ЕЛБАСЫНЫҢ «АҚПАРАТТЫҚ ТЕХНОЛОГИЯЛАР ПАРКІН» ҚҰРУЫ
2006 жылдың маусымында тұңғыш қазақстандық «КazSat» спутнигі ұшырылды. Космостық қызметті дамытудың мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде жобалармен мыңнан астам қазақстандық ғалымдар жұмыс істеуде. Сол жылдың 15 қыркүйегінде тұңғыш қазақстандық «Алатау-Сити» ақпараттық технологиялар паркі (АТП) ашылды. Оны құру туралы ой Елбасы 2002 жылы Индияға барған сапарында, ондағы ірі машина жасау, тамақ және тігін өнеркәсібі, халық қолөнері, сондай-ақ космостық зерттеулер орталығы – Бангалор қаласында болған уақытында туындаған еді. 2003 жылдың тамызында «Ақпараттық технологиялар паркі» арнайы экономикалық аймақтарын құру туралы» Жарлық шықты, ал 2004 жылы бұл кешенді салу құрылысы басталды. «Алатау-Сити» ақпараттық технологиялар паркі жұмыс істеу үшін өтініш берген 25 компанияның 11-і іріктеліп алынды.
«Алатау-Сити» – хай-тэк-индустриясының тұңғыш объектісі, ол Орталық Азияның жаңа интеллектуалдық орталығы болады, ақпараттық технологиялар паркі жұмысына ақпараттық технологиялар мен байланыстар саласындағы әлемдік көшбасшылар тартылды. «Майкрософт», «Хьюлетт-Паккард», «Сименс», «ЦискоСистем», «Талес», «Эл Джи», «Сан Макросистем», «Самсунг» компанияларымен ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойылды.