СОТ МӘРТЕБЕСІ — ЕЛ МӘРТЕБЕСІ

2000 жылдары еліміздегі сот жүйесінде едәуір өзгерістер болып, бұлсаланы мемлекеттің басым міндеттеріне және қоғам қажеттіліктеріне сәйкестендірді. Соттардың мәртебесінің артуы, оларды мамандандыру, сот жүйесін атқарушы органдардың ықпалынан алып шығу мәселелері жаңару процесінің басты бағыттарына айналды.
2000 жылдың қыркүйегінде Жоғарғы сот (төрағасы Қ. Мәми) жанынан Сотты әкімшіліктендіру жөніндегі комитеттің құрылуы сот жүйесін реформалаудағы және оның Әділет министрлігінен тәуелсіздігін қамтамасыз етудегі маңызды қадам болды.
2000 жылдың желтоқсанында «Сот жүйесі және соттар мәртебесі туралы» Конституциялық заң қабылданып, сот жүйесінің құрылым тәртібі мен қағидаларын және соттардың тәуелсіздігін нақтылай түсті, олардың әлеуметтік және құқықтық қорғалуын арттырды.
2001 жылы – экономикалық, 2003 жылы – әкімшілік, 2005 жылы – аралық соттар құру процесі іске қосылды. Процеске қатысушы тараптардың тең құқықтылығын, адвокаттар алқасын күшейтуді және алдын ала тергеу
ісін сот бақылауында ұстауды бекіту мәселелерін қамтамасыз ету шаралары қабылданды. 2001 жылы сот озбырлығы қатерін азайту үшін тәртіптік-біліктілік алқасы құрылды. Сот жүйесін жаңғырту бастамасы 2007 жылдан бастап сот процесін демократияландыруға, сот органдары қызметінің тиімділігін арттыруға, сот
қаулы-қарарларының міндетті түрде орындалу режимін нығайтуға бағытталды. Осы жолдағы маңызды элементтің бірі – сот ісін еуропалық (құрлықтық) модель бойынша жүргізуге көшу болды.
Сот жүйесін реформалау аясында ювеналды әділет бойынша халықаралық жоба жүзеге асырылды: 2007 жылдың тамыз айында Астана және Алматы қалаларында кәмелетке толмағандар ісімен айналысатын алғашқы
ювеналды соттар құрылды. Осы тәжірибені ескере келе, мұндай соттар кейінірек барлық облыстарда да пайда болды.
Сот жүйесі туралы заң 2008 жылдың қазан айында конституциялық түзетулерге сәйкестендірілді. Нәтижесінде үш сатылы сот жүйесі пайда болды: бірінші инстанция соттары (аудандық), апелляциялық инстанция (облыстық) және Жоғарғы сот.

2009 жылдың тамыз айында Елбасы 2010–2020 жылдар аралығына арналған Құқықтық саясат тұжырымдамасын бекітті. Кешенді бағдарламалық құжат ретінде, ол жалпы құқықтық реформа процесі аясындағы сот жүйесін жаңғыртудың негізгі бағыттарын белгіледі. Тұжырымдама барлық сатылардағы сот ісін жүргізуді жетілдіре түсуді, соттардың мәртебесін күшейтуді, біздегі сот жүйесінің айқындығы мен ашықтығын қамтамасыз етуді көздеді. Бұл құжат Қазақстан соттарының құқыққорғаушылық әлеуетін жүзеге асыруға даңғыл жол ашып берді.
2009 жылдың қарашасында өткен соттардың V съезінде сөйлеген сөзінде Елбасы сот жүйесінде шешілмеген мәселелер жеткілікті екенін атап көрсетті.
Келесі кезеңде, 2012 жылы, сот тәуелсіздігін нығайту бағытына екпін түсірілді. Соттарға байланысты тәртіптік істерді қарау өкілеттігі Жоғарғы сот жанындағы Сот қазылар алқасына (төрағасы Б.Бекназаров) берілді.
Сот реформасы әділет жүйесін азаматтардың сұраулары мен мүдделеріне жақындатты, қазақстандықтардың соттарға деген сенім деңгейін жоғарылатты. Қазақстандық әділет жүйесінің барлық құрылымдарының қызметі мейлінше ашық бола түсті. Тараптарды соттан тыс араағайынның көмегімен татуластыру процесі – медиация институты құрылды. Қоғам реформаланған сот жүйесін азаматтардың құқығын қорғайтын нақты механизм ретінде қабылдайтын болды.