«НҰРЛЫ ЖОЛ» БАҒДАРЛАМАСЫ. ЖАҢАРҒАН ИНФРАҚҰРЫЛЫМДАР
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасын бекіту туралы Жарлыққа қол қойып, бірқатар мәселелердің оңтайлы шешілуін жеделдетті. «Нұрлы жол — болашаққа бастар жол» атты Жолдауынан туындайтын бағдарлама елдің макроөңірлерін біріктіру және хаб қағидаты бойынша бірыңғай нарықты қалыптастыруға негізделген жаңа экономикалық саясатты іске асыруға бағытталды. Ең бастысы, бағдарлама экономика өсіміне жағдай жасай отырып, бар жұмыс орындарын сақтады және жаңа жұмыс орындарын ашуды қамтамасыз етті, іскерлік белсенділікті, өнімділікті және елдің транзиттік әлеуетін арттырды.
«Нұрлы жол» бағдарламасы негізінен экономикалық дағдарыстың алдын алып, барша қазақстандықтардың әлеуметтік ахуалын төмендетпеуге бағытталғаны белгілі. Осындай маңызды бағыттың шеңберінде бағдарламаның негізгі міндеттері де айқындалған болатын. Атап айтқанда, бұлар «шұғыла» қағидаты бойынша тиімді көліктік-логистикалық инфрақұрылымды құру, индустриялық және туристік инфрақұрылымдарды дамыту, бірыңғай электр энергетикасы жүйесін дамыту шеңберінде энергетикалық инфрақұрылымды нығайту шараларын қарастырды. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық инфрақұрылымын жаңғырту, азаматтардың тұрғын үйге қолжетімділігін арттыру, сондай-ақ, білім беру саласының инфрақұрылымын дамыту мәселелері де бағдарламаның аясында жандана түсті. Бұдан бөлек, «Нұрлы жол» бағдарламасы өңдеу өнеркәсібі салаларының жекелеген секторларын, агроөнеркәсіп кешенін экспорттаушыларды қолдаудың дағдарысқа қарсы шараларын, сондай-ақ ішкі нарықты қорғау және геологиялық барлауды жандандыру мәселелерін қамтыды.
«Нұрлы жол — болашаққа бастар жол» бағдарламасы арқылы көліктік-логистика инфрақұрылымы дамыды, индустриялық инфрақұрылым дамыды, энергетикалық инфрақұрылым дамыды, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы жаңғырды, білім беру саласындағы инфрақұрылым дамыды, кәсіпкерлікті дамытуға басымдықтар берілді.