ТӘУЕЛСІЗДІК ЖЕТІСТІГІ: ҰЛТТЫҚ СПОРТ ҰЛЫҚТАЛДЫ

Тәуелсіздіктің отыз жылында спорт саласында ауыз толтырып айтарлық жетістіктерге қол жетті. Солардың ең маңыздысы — ҚР Ұлттық спорт түрлері Қауымдастығының құрылып, жұмысының жолға қойылуы. Қазақ күресінен әлемдік деңгейдегі додалар, Көкпардан, Аударыспақтан Азия чемпионаты, Бүркітшілердің халықаралық фестивалі, «Алтын тұлпар» аламан бәйгесі, асық атудан Республикалық турнир және тоғызқұмалақтан ел біріншіліктерін сәтті өткізгені белгілі. Осы байрақты бәсекелердің барлығында ұлттың рухы асқақтап, беделі биіктеді. «Алтын тұғыр» Ұлттық спорт үздіктерін марапаттау шарасы арқылы да ерлердің еңсесі көтерілетіні сөзсіз.

Республикамыздың барлық аймақтарында ұлттық спорт мектептері ашылып, барлары қайта жаңғыртылып, клубтар құрылып, мықты командалар жасақталып жатыр. Көптен ұмыт болып кеткен Жамбы ату секілді ұлттық ойын қайта қолға алынды. Моңғолия, Түркия секілді шетелдерден арнайы мамандар шақырылып, спотшыларды мергендікке баулу үстінде.
Ұлттық спорт еліміздің имиджін көтеріп, жастардың отансүйгіштік сезімдерін ұштайтын құрал болуда. 25-тен астам ұлттық спорт түрі жанданып дамыды. «Қазақ күресі», «Саятшылық», «Асық ату» және «Тоғызқұмалақ» секілді ұлттық спорт түрлері ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұрасының репрезентативтік тізіміне енгізілді. Бүгінде елімізде ұлттық спорт түрлерінен 8 мамандандырылған спорт клубы, 13 мамандандырылған спорт мек­тебі және 45 ипподром жұмыс істейді. «Қа­зақстан Барысы» республикалық турнирі де ұлттық спорттың брендіне айналды. Сон­дай-ақ, «Әлем барысы», «Жас барыс» сынды жа­рыстардың да мәртебесі артуда. Білім беру­дің барлық деңгейіндегі дене шынық­тыру сабақтарына қазақ күресі, тоғызқұ­ма­лақ, асық ату ойындарын енгізу қолға алы­нып жатыр.