ТӘУЕЛСІЗДІК ТАРИХЫ: БЮДЖЕТ ЖӘНЕ САЛЫҚ ЖҮЙЕСІНІҢ ҚАЛЫПТАСУЫ

Мемлекеттік қаржы саласын реформалау жөніндегі алғашқы қадамдардың бірі – 1991 жылы Қазақстанның бюджет жүйесі туралы өз заңын қабылдауы болды. Осы заңның арқасында, Қазақстан Республикасының бюджетін қалыптастырудың принциптері өзгертілді, республикалық және жергілікті бюджеттер арасындағы
өзара қарым-қатынастар анықталды. Оның негізін салушы республикалық және жергілікті бюджеттердің дербестігі туралы принцип болды.

1994 жылға дейін мемлекеттік бюджеттің орындалуымен Ұлттық банк те, Қаржы министрлігі де айналысты. Мұндай күлкілі жүйе тиімді бақылауды қамтамасыз ете алмады. Оны жетілдіру мақсатында Қаржы министрлігінің құрамында Қазынашылық бас басқармасы құрылды. Бұл 1996 жылдан бастап бірыңғай қазына
есепшоты арқылы, кірістердің және жүргізілген кассалық шығындардың жалпы сомасын есепке алу мен шығынын есептен шығару жөніндегі операциялардың орындалуын қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Бір жылдан кейін жергілікті бюджет бойынша төлемдік тапсырыстар арқылы шығындарды қаржыландыру тетігі тоқтатылды, қаржыландыру ісі қаржылық және бюджеттік рұқсат түріндегі лимиттер беру арқылы іске асырыла бастады. Бұл еліміздің бюджет жүйесін жетілдіру бағытындағы алғашқы қадамдардың бірі болды.

1999 жылы Қазақстан Республикасының «Бюджет жүйесі туралы» үшінші заңы қабылданды. Бұл заң бюджет жүйесінің бірлігі принципін қамтамасыз етуге, бүкіл республика аумағындағы тұрғындарға бірдей мемлекеттік қызмет көрсету деңгейін қамтамасыз етуге және аймақтар арасындағы сәйкессіздікті теңестіруге мүмкіндік
берді.

1991 жылы Қазақстан Жоғарғы Кеңесінің жетінші сессиясында салыққа қатысты құқықтық нормативтік актілердің республикалык пакеті қабылданды. Оған он төрт заң кірген. Жалпы алғанда «Қазақстан
Республикасының салық жүйесі туралы» Заңы 16 жалпы мемлекеттік, 10 жалпы міндетті және 17 жергілікті салықты қарастырды. Осы Заң мемлекет экономикасын реформаландырудағы алғашқы қадамдардың бірі болды.