ҚАШАҒАН — ЕҢ ҚЫМБАТ ЭНЕРГЕТИКАЛЫҚ ЖОБА

Қазыналы Қазақ даласының берекелі Батысында көлкіген мұнай кені бар екені ерте заманнан белгілі болған. Тіпті сол кездің өзінде−ақ жергілікті көшпенді қазақтар жер бетіне шығып жатқан қимайды, мұнайды сүзіп алып, түйенің немесе адамның теңге қотырын емдеуге қолданған. Бірақ қазақтар бұл үлкен қазынаның жер бетіне шығып жатқан шеті ғана екенін білген жоқ.  Қазіргі таңда Қазақстан экономикасының қарыштап дамуына алып Теңіз бен қазыналы Қашаған, берекелі Құмкөл мен құт дарыған Қарашығанақ, өзегі мәйекті Өзен мен Қаражанбас, Жаңажол мен Кеңқияқ кеншітерінен өндірілген мұнай айтарлықтай әсер етіп отыр. Бүгінгі жазбамызда Қашаған кен орны жайлы сөз етпекпіз.

Қашаған – әлем бойынша ең ірі мұнай кеніші, ең күрделі салалық жобаның бірі.

Қашаған кен орны Атырау қаласынан 80 шақырым қашықтықта, судың тереңдігі 3-4 метрді құрайтын қайраң аймағында орналасқан. Кен орнының коллекторы 4 шақырымнан артық тереңдікте орналасқан. Қашаған кен орнының коллекторы жоғары қысыммен (700 бар астам) және күкіртсутектің (H2S) тым қоюлануымен сипатталады. Бұл ретте, жоғары қысыммен күкіртті газды кері айдау мұнай беру деңгейінің ұлғаюына әкеледі.

Теңіздегі қатаң экологиялық жағдайға және жобалау, логистика мен қауіпсіздік саласындағы мәселелерге байланысты Қашаған әлемдегі ең күрделі салалық жобаның бірі болып есептеледі. Субарктикалық климат аясында Солтүстік Каспийді жылына шамамен бес айға мұз басады. Өз кезегінде, бұл инновациялық техникалық шешімдердің қолданылуын талап етеді. ҚМГ шетелдік серіктестерімен бірге жобаны табысты іске асырып келеді және әлеуетін арттыра отырып, өндірудің орнықты деңгейіне жетті.

Қашаған кен орнын жайластыру схемасы жерүсті және теңіз объектілерінен тұрады. Жерүсті құрылыстарына «Болашақ» мұнай мен газды кешенді дайындау қондырғысы (МГКДҚ) жатады. Теңіз объектілерінің арасында жасанды құрылыстар салынды: «Д» аралында пайдалану-технологиялық кешен, «А» аралы, EPC-2, EPC-3 пен EPC-4 аралының ерте өндіру орталықтары. Қашаған кен орнында барлығы 40 ұңғыма бұрғыланды, оның алтауы айдау, ал қалған 34-і – өндіру ұңғымасы болып табылады.

1997 жылғы қарашада Қазақстан Республикасы мен халықаралық консорциум арасында Солтүстік Каспий бойынша өнімді бөлу туралы келісімге (СКӨБК) қол қойылды. Мердігерлік ұйымдардың атынан әрекет ететін «Норт Каспиан Оперейтинг Компани Н.В.» (NCOC) компаниясы Оператордың міндеттерін орындайды.

Қазіргі уақытта ҚМГ «ҚМГ Қашаған Б.В.» компаниясының 50% үлесіне иелік етеді, ал ол өз кезегінде Солтүстік Каспий мега жобасының өзінде 16,88% үлесін иеленеді. Қалған 50%-ы немесе жобадағы 8,44% үлес «Самұрық-Қазына» АҚ-ға тиесілі.

2019 жылы Қашаған кен орнында барлық өндірістік объектілер толық тоқтатылып, алғаш рет күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, ойдағыдай аяқталды. Жүргізілген жұмыс кешені жерүсті және теңіз кешендерінде мұнай мен газ өндіруді ұлғайтуға, сондай-ақ пайдалану коэффициентін 98,4%-ға дейін арттыруға мүмкіндік берді.

Аумағы — 75 шақырым. Қашағандағы барланған мұнай қоры – 4,8 млрд. тонна. Жалпы мұнай қоры 38 млрд. баррель. Ал, табиғи газдың қоры – 1 трлн. текше метр. «Қара алтын» теңіз түбінен 4200 метр тереңдікте. Құрылысы 2001 жылы басталған кен орны тәулігіне 450 баррель өнім шығаруға қауқарлы.

Н.БАТЫРБЕКҚЫЗЫ