ТӘУЕЛСІЗДІК ТАРИХЫ: ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ БАНК ЖҮЙЕСІНІҢ ДАМУЫ
Қазақстан өзінің банк жүйесін құруға егемендікті алғаннан кейін, 1990 жылы желтоқсанда бірден кірісті. Кеңестік икемсіз банк тетіктерінің барлық «тамашаларын» бастан кешірген біздер, енді экономиканы толыққанды дамыту үшін, бүкіл дүние жүзінде нарық жағдайында ең тиімді деп танылған, осы заманғы қос деңгейлі банк жүйесінің керектігін түсіндік. Ол біздің тәуелсіз ақшакредит саясатын жүргізуімізге, инфляцияның және мемлекет пен қоғамды қаржымен қамтамасыз ету сұраныстарының проблемаларын шешуімізге мүмкіндік беретін еді. Бізге капиталдың шынайы өзіндік құнын пайыздық мөлшерлермен көрсететін, ал банкілерге қарыз алғандардың қаржылық өміршеңдігі және несиелеудің экономикалық тиімділігі негізінде несие беретін жүйе қажет болды.
Шын мәнінде, «Қазақ КСР-індегі банктер мен банк қызметі туралы» 1991 жылы қаңтарда қабылданған Заң еліміздегі банк реформасының басы болды. Аталмыш Заң қос деңгейлі банк жүйесінің негіздерін қалауды қамтамасыз етті. Мысалы, облыстық басқармалары және бөлімшелері бар Республикалық мемлекеттік банк Қазақстан Республикасының Ұлттық банкіне айналдырылды. Республикалық Өнеркәсіп-құрылыс банкі акционерлік-коммерциялық «Тұранбанкке», Агроөнеркәсіп банкі – «Қазақстан Республикасының агроөнеркәсіп банкіне» айналды, акционерлердің ортасынан кейіннен «Қазкоммерцбанк» атанған «Қазақстан Коммерц» банкі шықты, Сыртқы сауда банкі – акционерлік-коммерциялық «Әлембанк», Республикалық жинақ банкі – акционерлік-коммерциялық «Қазақстан Республикасының Жинақ банкі» болып аталды. 1993 жылы осы банктердің барлығы акционерлік банктерге айналды, ал Жинақ банкінің аты Қазақстан Республикасының Халық банкі деп өзгертілді. Қазір біздің банк жүйесінің екінші деңгейінің негізгі құрамы болып отырған бұл банктер Қазақстандағы аса ірі жекеменшік банктері болып табылады.
Сайып келгенде, 1993 жылы теңгені енгізудің қарсаңында Қазақстанның банк жүйесінде елеулі реформа болды: қос деңгейлі банк жүйесі қызмет етті, барлық мамандандырылған банкілер акционерлік банкіге айналды, ал Ұлттық банк орталық банктің кейбір қызметтерін атқаратын болды. Осының бәрі белгілі мөлшерде өзіміздің ұлттық валютамызға өтуді жеңілдетті.
Тұрғындардың қаржыларын банкілерге тарту науқаны жүріп жатқан кезде сондағы Ұлттық банктің төрағасы Григорий Марченко бірде: «бұл науқан нәтижелі болып аяқталған жағдайда, өзімнің сақалымды қырып тастаймын», – деп көпшіліктің алдында маған уәде бергені бар. Сонымен бірге, егер жеке тұлғалардың екінші деңгейдегі банктердегі салымдары 1 млрд. АҚШ долларына жетсе, соны нәтижелі деп есептейтін болдық. Григорий Марченконың мәлімдемесі әсіресе бұқаралық ақпарат құралдарына ұнап қалыпты. Көптеген экономистер мен журналистер: «Марченко енді өмір бойы сақалмен өтетін шығар» деп айтып та, жазып та жүрді. Содан арада тура екі жыл өтісімен, атап айтқанда, 2001 жылы 7 қыркүйекте, ол баспасөз конференциясына «кенеттен жасарып» кіріп келіпті. Жұрттың бәрінің көзінің түскені – оның ақ кіре бастаған сақал-мұрты жып-жылмаған таптақыр қылып қырып тастапты, дейді. Ол сол жерде жеке тұлғалар жинақтарының мөлшері 1,116 млрд. АҚШ долларына жеткендігін хабарлапты. Тұрғындар қаржысын Қазақстан банкілеріне тартуда осы бір бәстесудің пайдасы жарнамалық және ақпараттық шаралардан артық болмаса кем болмауы әбден мүмкін.
Жалпы алғанда, банк секторы дамуының қорытындысын түйіндей келе, оның осы уақыттар ішіндегі дамуы, мемлекеттің жан-жақты қолдауының және мемлекеттік қаржы жүйесін кең көлемде реформалаудың нәтижесінде іске асты деп, айтуға болады. Сондықтан, әсіресе нарыққа өту кезеңіндегі үрдісте біздерге бюджет жүйесі саласында да, сол сияқты салық салу саласында да түбегейлі реформаларға баруға тура келген кезде, оларды жетілдіру үрдісін босатып жіберу әділетсіздік болар еді.
Н.Назарбав, «Тәуелсіздік белестері» кітабынан.