ҚАНДАСТЫ ЕЛГЕ ҚАЙТАРҒАН — ТӘУЕЛСІЗДІК
Тәуелсіздік жайлы ақжолтай хабар атырапқа жайылғалы қандастар көші тоқтаған емес. Этникалық көші-қонды ынталандыру аясында 2020 жылы республикаға 7 мыңнан астам отбасы немесе 13 мың этникалық қазақ келген, оның ішінде 396 қандас отбасы қабылдау өңірлерінде (Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Павлодар, Қостанай облыстары) қоныстанған.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Рухани жаңғыру» мақаласында халқымыздың ұлттық код мәселесін бекер көтерген жоқ, оны ғаламдық өзгерістермен байланысты сабақтады. Жаһандану мен қатыгез бәсекеде қай ұлттың болсын жылқының жалынан ұстағандай қолы ілінері – өзінің ұлттық тілі, дәстүрі, салты, өнері — ұлттық коды болмақ. Жер жүзінде 6 мыңдай этнос, ұлт бар, 193 мемлекет Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше, сол мемлекеттердің арасында Қазақстан бар. Тағы бір мәлімет – қазақтар дүние жүзіндегі 6000 ұлттың ішінде 43 орын алады. Халқының саны 10 миллионнан асатын ұлттар макро, 100 миллионнан асатын халықтар мега ұлттар болып саналады. Біз макро ұлтқа жатамыз. Әлемде жер көлемі жөнінен 9-орын алатынымыз тағы бар. Қазақ халқының бәсекеге қабілетті болуы оның санына да байланысты. Өйткені, әлемдік бәсекеге саны көп халықтар төтеп береді, сондықтан алдағы уақытта саны кемінде 30 миллионға жететін аймақтық ірі ұлтқа айналу арман-мақсатымыз болуы шарт. ХХ ғасырдың басында әлемде 12 мың ұлт болған екен, қазір соның тең жартысы жоқ, өзге ірі ұлттарға жұтылып кеткен. Өйткені, олар ділінен, тілінен, дәстүр, мәдениетінен айырылып қалды, ұлт ретінде жоғалды. Жақында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тарихи Отанына қайтып келген қазақтарды «оралман» деп атаудан бас тартуды ұсынды. Президент Twitter-дегі парақшасында «Оралман» сөзінен бас тартқан жөн. «Жеті атасын білетін халыққа «қандас» деген ұғым жарасады», — деп жазғанын халық та, заң шығарушы орган Парламент те қолдады. Біз халқымыздың тарихынан ешқашан ұялмаймыз. Қазақ – ежелден келе жатқан халық, оның азаюына өткен ғасырларда белгілі себептер болды. Ал ХХІ ғасырда ол қандай күйге түседі? Бұл реттен қарасақ, Елбасы мақаласы халқымыз ұлт ретінде жұтылмауы үшін адаспас бағдар береді. Тәуелсіздік алған отыз жылда біз мемлекет ретінде экономикалық жағынан нығаюға көбірек көңіл бөлдік. Енді рухани жаңғыру кезеңі келді, уақыт соны талап етіп отыр.