ӘДІЛЕТ САЛТАНАТ ҚҰРҒАН КҮН

Тоқсаныншы жылдары Қиыр Оңтүстіктегі үш аудан – Мақтарал, Жетісай, Киров аудандары  ешқандай саяси, әлеуметтік, экономикалық себептер болмаса да, негізсіз біріктіріп жіберілді. Елден сұралған жоқ. Елдің реніші есепке алынған жоқ. Ел наразы болды. Теледидардан, газеттерден азаматтар, елдің игі жақсылары датын айтып жатты.  Тыңдар құлақ болмады. Осылай, Келестің Сарыағашқа  қосылуы, Қиыр Оңтүстіктегі үш ірі ауданның  бір ауданға біріктірілуі   — ел жүрегінде үлкен бір қиянат, үлкен бір әділетсіздік ретінде қалып қойды. Әрине, қалады: 50 мың адамы бар аумақ аудан бола алады да, жүз мың адамы бар аумақта аудан құру жарамсыз деп беті бүлк етпей айтып тұрса…    Қаншама депутаттарға айтылды. Қаншама әкімдерге аманат артылды. Аманат  жерде қалды. Депутаттар күйкі тірліктен аспады.  Жансейіт Түймебаев облыс әкімі боп тағайындалған соң сол оңтүстік аудандарда болғанында,  ел кезекті рет  өз  зарын айтты. Облыс әкімі  мәселені шешу жолдарын қарастыратынын айтып, жұмыс тобын құруға уәде берді. Бірақ мұндайды  кім айтпады, кім осылай уәде бермеді… Бірақ дәл осы Жансейіт ағамыз сөзінде тұрып, ел өтінішін жерге тастамай, орындады: Алла бұйыртып, ақ түйенің қарны жарылып, Қиыр Оңтүстіктің бұрынғы ірі аудандары қайта қалпына келтіріліп, Жетісай, Мақтарал, Асық ата аудандары ретінде әрқайсысы өз шаңырағын көтеретін болды. Ал Келес Сарыағаштан бөлініп,  қайтадан өз алдына аудан боп Туын тігетін болды. Елдің қуанышында шек жоқ. Жырақта жүрсек те, жүрегіміз Отаным – Жетісайым деп соғатын біздер де разылықтың толқынындамыз. Расында да, үлкен Қиянат құрдымға кетіп, үлкен Әділет салтанат құрды. Рахмет, Жансейіт аға! Рухани жаңғыруға қосқан үлесіңіз алдыңыздан Бақ болып шықсын, елдің шынайы алғысы  сізді Рухтың да, Өмірдің де  асқақ шыңдарына шығарсын. Рахмет.