ӘЛЕМДІК САЯСАТТА ОРНЫН АЛҒАН ҚАЗАҚСТАН
Қазақстан бүгінгі күнге дейін әлемнің 180 мемлекетімен дипломатиялық қарым-қатынас орнатқан. Шығыста және батыста, солтүстік пен оңтүстікте ірі және шағын мемлекеттермен достық, сенімді қарым-қатынас орнатып, өзара тиімді экономикалық байланысты нығайтып жатырмыз. Ресей және Қытаймен тығыз байланыстамыз, Еуропалық одақ – біздің ірі сауда серіктесіміз, ал АҚШ – ЕО-дан кейінгі екінші ірі шетелдік инвестор. Өзара достық тиімді қарым-қатынастарды нығайту барысында бауырлас мемлекеттермен және Орталық Азиядағы көршілерімізбен белсенді жұмыс жүргізудеміз. Араб әлемінің, Азия, Африка және Латын Америкасының озық елдерімен де ынтымақтастығымызды дамыту үстіндеміз. Мемлекет басшысының сыртқы саясаттағы сарабдал іс-қимылының арқасында Қазақстан әлемдік аренада қазір берік ұстанымға, жоғары деңгейдегі абыройға ие. Ядролық қарусыздану саласында көшбасшы ел ретінде танылып, мәдениет, дін және өркениеттер үнқатысуының белсенді модераторы болып табылады. Елдің халықаралық деңгейдегі беделі осыны айғақтай түседі. Халықаралық рейтингтердегі Қазақстанның көрсеткіштері және инвестициялық климатты жетілдірудегі мәселеде қол жеткен табыстар осыны айғақтайды.
Бүкіләлемдік экономикалық форумының бәсекелестіктің Жаһандық индексінде Қазақстан Италия, Түркия, Бразилия, Үндістан, Венгрия сияқты елдерді артқа тастап, 50-қатардан 42-қатарға көтерілді. Осы көрсеткіш бойынша ЕАЭО бойынша серіктестерінен де алға шықты: Ресей 45-ші, Армения 82-ші, Қырғызстан 102-ші орында.
Қорытып айтқанда, Қазақ елі тәуелсiздiк тұғырына қонғалы дүние жүзiнiң көптеген елдерiмен терезесi тең деңгейде дипломатиялық және экономикалық қарым-қатынас орнатты. Дүниежүзiлiк саясатта сыйы басым, беделі биік.
А. АСҚАР