ӘЛЕУМЕТТІК ҚОЛДАУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ЖҰМЫСЫМЕН ТАНЫСТЫ
Сенаторлар Н.Бекназаров және А.Қапбарова Шымкент қаласында жуырда ашылған «TEN QOGAM» әлеуметтік қолдау орталығының жұмысымен танысты. Орталық мүмкіндігі шектеулі азаматтарға әлеуметтік, ақпараттық-консультациялық, психологиялық, құқықтық және жұмысқа орналастыру бойынша қызмет көрсетеді.
Сенаторлар орталықтан көмек алушылармен кездесіп, мүгедектігі бар азаматтардың құқықтарын қорғау және оларға жағдай жасау –елімізде жүргізіліп жатқан әлеуметтік саясаттың басты мақсаты екенін атап өтті. Сондай-ақ, Сенат депутаттары Мемлекет басшысының биылғы жолдауының ерекшелігін әлеуметтік қолдау орталығына келген азаматтармен бірге талқылап, елімізде әлеуметтік қамтамасыз ету мен қорғау барысындағы заңнамалық құжаттарға тоқталып, былтыр елімізде азаматтардың жекелеген санаттарын әлеуметтік қорғау мәселелеріне қатысты заң жобасы қабылданғанын атап өтті. «Тең қоғам» орталығы азаматтардың сұранысы бойынша тегін құқықтық кеңестер беріп, тұрғын үймен қамту мәселесі, әлеуметтік қызметтерге тапсырыс беру, мүмкіндігі шектеулі азаматтарды жұмыспен қамту шараларына тартып, кәсіпке баулиды.
Бүгінде Шымкент қаласында 37 337 мүмкіндігі шектеулі азамат тіркелген, оның ішінде 18 жасқа дейінгі 6 844 мүгедек балалар бар.
Қазіргі таңда мүгедектігі бар азаматтарға әлеуметтік қызметтер порталы арқылы қажетті құралдар мен қызметтерге тапсырыс беруі функциясы іске қосылды. Яғни, мүгедектігі бар азаматтар қажетті құралдар мен қызметтерді өзінің электрондық қолтаңбасын (ЭЦҚ) пайдалана отырып, әлеуметтік қызметтер порталы арқылы тапсырыс беруге қол жеткізілді. Бүгінгі таңда орталық мүмкіндігі шектеулі азаматтарға өзінің электрондық қолтаңбалы кілт арқылы құралдар мен қызметтерді таңдауды үйретеді.
Кездесу барысында мүгедек жандарға қызмет көрсететін әлеуметтік қызметкерлер жалақысының төмендігі айтылды.
Мәселен, жалақысы күнкөріс деңгейіне сәйкес келмейтіндіктен инва такси және әлеуметтік такси жүргізушісі қызметіне деген сұраныс жоқ.
Кездесуге қатысушылар депутаттардан әлеуметтік қызметкерлерге лайықты жалақы төлеу мәселесіне ықпал етуді сұрады.