ӘЛІПБИ АУЫСТЫРУДА АУЫЗБІРШІЛІК ТАНЫТҚАНЫМЫЗ ЖӨН
Елбасының латын әліпбиіне көшу туралы шешімі өте құптарлық. Әрине, бұл жолда түрлі кедергілер кездесетіні түсінікті жайт. Сондықтан «шешінген судан тайынбас» деген қағиданы бетке ұстап, нар тәуекелге барғанымыз жөн. Алға ұмтылған адам үшін алынбайтын қамал жоқ. Мәселен, мен латын әліпбиін білмеймін, бірақ кітаптарды оқи алады екенмін. Себебі, латын қарпі мен ағылшын тілінің әріптері өте ұқсас келетініне көз жеткіздім.
Ғалымдар айтқандай, алдымен латын әліпбиіне көшу мәселесінің оңы мен солын саралап, елеп-екшеп, сосын ғана нақты бір шешім қабылдау қажет. Себебі, осы мәселеге байланысты қоғам пікірі екіге жарылатыны сөзсіз. Мұны қалыпты жағдай деп түсінуіміз керек. Бірақ бұл ретте орыс тілінің факторын мүлдем жоғалтып аламыз деген ой болмауы тиіс. Крииллица да керек. Өйткені, Қазақстанның Ресеймен экономикалық байланысы 65 пайызды құрайды екен. Демек, біз бұл мемлекеттің оқу-жазуын да ұмытпағанымыз жөн.
Бір анығы, болашақта мемлекеттік мекемелердегі іс-қағаздардың барлығы латын әліпбиінде жүргізілетін болады. Осы мәселеге байланысты белгілі бір мемлекеттік бағдарлама түзілуі мүмкін. Сол кезде біз латын әліпбиіне байланысты нақты қандай жұмыстар атқарылатынын білеміз. Ал әзірге психологиялық дайындықтан өтуіміз қажет. Ол үшін алдымен біртіндеп көрнекі ақпараттарды өзгертіп, халықтың көзін соған үйрете беруіміз керек. Мысалы, дүкен, дәріхана, сауда орталықтарының атауларын латын тілінде жазған жөн. Бұл жерде қарсылық болады, түрлі пікірлер айтылады. Одан қорықпағанымыз дұрыс.
Елбасы латын әліпбиіне көшудің маңыздылығын айтты, нақты бағыт-бағдарын көрсетіп берді. Енді оны халық болып қолдауымыз қажет. Бұл – заман талабы. Бастысы, әркім өз ісімен айналысуы керек. Сол үшін неше таңбаны пайдаланған жөн, ол жағын ғалымдар зерттеп, дәлелдеп, тиімді тұсын ұсынсын. Екінші мәселе, қыруар қаражат қажет дедік. Бұл мәселені шешу – үкіметтің міндеті. Ал әр саланың мамандары өздеріне жүктелген міндетті бұлжытпай орындап, жүйелі жұмыс істеуі тиіс. Біз, қазақстандықтар көпшілік болып латын әліпбиін үйренуге, меңгеруге әзір екенімізді көрсетіп, осындай маңызды қадамға баруға ауызбіршілік танытқанымыз жөн деп ойлаймын.
Майя ИСАҚАЕВА,
СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫ