ЛАТЫНҒА КӨШУ ЖАСТАРДЫҢ ЖОЛЫН АШПАҚ

Тарихқа көз жүгіртсек, біз үш әліпбиді ауыстырыппыз. Сол кезеңде бүгінгідегідей газет-журнал, компьютер, тың технология деген болған жоқ. Соған қарамастан, халық басына түскен барлық қиындықты еңсере білді. Тіпті, айшылық алыс жерлерге атпен барып, сауатын ашып жүргендер болды. Ал бүгінде шүкір делік, барлық қиындық артта қалды. Бейбіт заман орнады. Тәуелсіз мемлекетіміз жылдан-жылға өсіп-өркендеп, отандық ғылым-білім саласы дамып келеді. Осындай тамаша кезеңде латын әліпбиіне көшсек, ешқандай қиындық туындамайды деп ойлаймын. Қуантарлығы, бүгінде бастауыш сыныптарда оқитын балаларымыз ағылшынша үйренуде. Білім қуған жастар шет тілдерін меңгеріп, шетелдерде білім алуда. Осы тұрғыдан алғанда латын әліпбиіне көшуден қорқудың еш негізі жоқ деп санаймын. Бұл қадамға бару болашақ үшін маңызды екеніне сенемін. Себебі, бүгінде крииллицаның аясы өзінен-өзі тарылып келеді. Оның орнын ағылшын тілі басуда. Өйткені, ол өзінің қажеттілігін мойындата білді. Сол сияқты латын әліпбиінің де болашағы зор болатынына еш күмәнім жоқ.

Жастардың көбі ағылшын тілін жақсы меңгеруде. Латын әліпбиі соған ұқсас болғандықтан, көп кешікпей сәнге айналады деп ойлаймын. Өйткені, қоғамдағы жарнаманың өзі ағылшынша жазылса, адам назарын бірден аудартады. Қазіргі таңда әлеуметтік желілерде ағылшынша жазатын жастар көбейіп барады. Қуантарлық жайт, әрине. Ендігі міндет – ғалымдар ауызбіршілікпен латын әліпбиінің ең тиімді нұсқасын анықтап, оны заң жүзінде бекітсе, қалғаны оңай деп ойлаймын. Осы мәселе жедел түрде шешімін тапса, қоғам да, жастар да тез бейімделіп кетер еді деген сенімдемін.

Ендігі кезекте Мемлекет басшысы атап өткендей ғалымдардың көмегімен қазақ әліпбиінің жаңа графикадағы бірыңғай стандартты нұсқасы қабылданып, әдістемелік жұмыстар жүргізілуі тиіс. Сондай-ақ, жаңа әліпбиді үйрететін сапалы мамандар қатарын көбейтіп, мектептерге арналған оқулықтар дайындалуы қажет.

Міне, осы мақсатқа қол жеткізіп, соның жеміс көру үшін қаймақ бетінде жүрген білікті тіл мамандары мен оқытушы-профессорлар аянбай тер төгуі керек. 

А.ҚАНИ.