ЛАТЫН ӘЛІПБИІ ӘДЕБИЕТІМІЗДІ ӘЛЕМДІК ДЕҢГЕЙДЕ ТАНЫТАДЫ

Елбасының мақаласында көтерілген латын әліпбиіне көшу мәселесі өте өзекті әрі орынды. Біз ендігі кезекте осы мақсатқа жету үшін не істеу керектігін ойлануымыз қажет. Себебі, латын жазуына көшеміз деп айта салу оңай, ал оны жүзеге асыру үшін үлкен шараларды қолға алуымыз қажет. Ол үшін не істеу керек десек, біріншіден, латын графикасына өтудің оңы мен солын саралап алғанымыз жөн. Соған талдау жасап, мәтіннің оқу әуезін, әдісін, заңдылығын меңгеріп алуымыз керек. Екіншіден, кейбіреулер компьютердің көмегімен барлық дүниені латын әліпбиіне көшіре салуға болатынын айтады. Менің ойымша, бұлай жеңіл жол іздеген дұрыс емес. Мазмұнды оқулықтар мен әдебиеттің барлығын 100 пайыз сауатты етіп аударып шығу қажет. Өйткені, кезінде араб әрпінде жазылған небір әдебиеттер әлі күнге дейін шаң басып жатыр. Себебі, біз оларды оқи алмай, қиналдық. Ал латын әліпбиіне көшетін болсақ, кешегі, бүгінгі рухани дүниелеріміздің бәрін сауатты қалпында аударып алсақ, кейінгі буын трагедияға ұшырамайды. Үшіншіден, латын әліпбиіне көшу үшін емле ережесінің сақталуына баса мән берген жөн. Яғни, бірізділік, ортақ қағида болуы шарт. Өйткені, латын графикасында жазғанның жөні осы деп әркім өз білгенімен әр түрлі таңбаны қоя берсе, мұның соңы сауатсыздыққа әкеліп соғады. Осының алдын алу қажет. Төртіншіден, балабақшаларда, мектептерде, жалпы оқу үрдісінде латын әріптерін жазуды үйрететін пән — каллиграфия (жазу өнері) деген сабақты енгізу қажет. Мұны тез арада қолға алған жөн. Сондай-ақ, латын қарпін сауатты жазатын, оқитын мұғалімдер дайындау қажет. Осы бағыттағы жұмыстардың бәрін тез арада тиянақты атқара білсек, ұтарымыз мол болмақ.

Жалпы, тіл тазалығы, тіл білімі үлкен ғылым. Қазір бір сөз бірнеше түрлі болып жазылады, айтылады. Осындай заңдылықтарды бірізділендіріп алу керек. Ол үшін латын әліпбиіне көшу науқаны аясында қазақ тілі туралы арнайы заң шығару қажет. Біздің елімізде тілдер туралы заң бар, бірақ, қазақ тілі туралы жеке заң жоқ. Осы мәселені оң жолға қойып, қауһарлы заң қабылдайтын уақыт жетті. Әйтпегенде, біздің ғалымдардың өзі дауласып жататын сәттер жиі кездеседі. Жазу нормасының ішінде орфографиялық, орфоэпиялық заңдылықтар бар, сондықтан нақты ұсыныстар жасауымыз керек.

Бүгінде әлемде 8 268 тіл бар болса, соның 6 642-сі ғана өмір сүруде. Сол тілде жазылған мықты, брендтік шығармалар көп. Әрине, олардың бәрі әлемге танымал тұлғалардың туындылары екені анық. Міне, осындай дүниелермен біздің жастарымыз сусындауы керек. Біз де өз тілімізді байытып, ұлттық құндылықтарымызды әлемдік деңгейде танытқанымыз жөн. Ол үшін халық сауатты, көзі ашық болуы тиіс. Мемлекет басшысының осы ойын дұрыс түсінуіміз керек.

А.ЗЕЙНУЛЛИНА.