ЛАТЫН ЖАЗУЫ — ЕГЕМЕНДІГІМІЗДІ АЙҚЫНДАЙТЫН КӨРСЕТКІШ

Латын жазуы — елдігіміз бен егемендігімізді айқындайтын, халықтың сауаттылығын танытатын көрсеткіш деп білемін. Латын әліпбиі бұрын тарихымызда 10 жылдай уақыт салтанат құрды. Сол кезде біз көптеген елге, жерге танылдық. Ал қазіргідей қуатты мемлекетте өмір сүріп жатқан кезеңде біз халық болып бұл жазуды қолдап алып кетпесек, өркениетті елдердің қатарына ілесе алмаймыз. Себебі, латын әліпбиі әлемдегі ең танымал жазулардың бірі саналады, яғни, болашағы зор. Сондықтан Елбасының шешімін қолдап, оның ары қарай жүзеге асуына үлес қосуымыз қажет.

Шынымен де, бүгінде біз өмір сүріп жатқан ел қуатты мемлекетке айналды. Сондықтан «латын әліпбиіне көшсек, жағдайымыз қалай болады?» деген сұрақ туындамауы тиіс. Әрине, осы мақсатқа жету үшін үлкен ізденіс, мол еңбек, қыруар қаражат қажет. Осының бәріне күш-жігеріміздің жететініне сенім артуымыз керек. Ал ғасырлар бұрын қазақтың басынан өткен қиын-қыстау кезеңдерде дәл қазіргідегідей қуаттылық болған жоқ. Сонда да қоғамның заңына бағындық, басқа түскеніне көндіктік. Бастысы, бәрі артта қалды. Енді ештеңеден қаймықпай, саннан сапаға, сөзден іске көшетін уақыт жетті.

Өкінішке қарай, дайындық мәз емес. Елбасымыздың көтеріп отырған гуманитарлық ғылым мәселесі өте орынды. Осы жердегі жоғары оқу орындарының ешқайсысы аудармашылар дайындамайды. Жасыратыны жоқ, біз оны жоғалтық. Тек ағылшын тілінен аударма жасайтын мамандарды ғана «аудармашы» деп алданып жүрміз. Сол үшін уақыт ұттырмай осы мәселені назарға алуымыз қажет.

«Латыншаға көшудің терең логикасы бар. Бұл қазіргі заманғы технологиялық орта­ның, ком­муникацияның, сондай-ақ, ХХІ ғасыр­дағы ғылы­ми және білім беру үрдісінің ерекше­лік­теріне байланысты», — деп Елбасы айтқандай латын әліпбиіне көшу – заман талабы. Ал ғалымдарымыз осы қаріпті қолдану арқылы әлемдегі ең дамыған өркениетті елдермен тереземізді теңестіре аламыз деген пікір айтып, оның тиімді тұстарын дәлелдеп бағуда.

Ендігі кезекте Мемлекет басшысы атап өткендей ғалымдардың көмегімен қазақ әліпбиінің жаңа графикадағы бірыңғай стандартты нұсқасы қабылданып, әдістемелік жұмыстар жүргізілуі тиіс. Сондай-ақ, жаңа әліпбиді үйрететін сапалы мамандар қатарын көбейтіп, мектептерге арналған оқулықтар дайындалуы қажет.

Б.САҒЫНДЫҚҰЛЫ.