ӘЛІПБИ АУЫСТЫРУДЫҢ ҮШ ДЕҢГЕЙІ БАР
Президент еліміздің болашағы үшін тіліміздің қолданыс аясын кеңейтіп, халықаралық танымалдылығын арттыру үшін халқымызға аса қажет осындай шешім қабылдағанына және оның алғашқы қадамы жасалғанына бек қуаныштымыз. Ендігі жұмыс осы әліпбидің нұсқасын көп болып талқылап, талдап ең ұтымды үлгіні таңдап алу. Бұдан кейін оның әліппесін, емлесін, ережелерін жасап шығу.
Әліпби ауыстырудың үш деңгейі бар: бірінші – әліпби деңгейі, екінші – таңба деңгейі, үшінші – емле-ереже деңгейі. Егер біз әліпби құрамын өзгертетін болсақ, онда оның ар жағындағы таңба және емле-ережелеріне де өзгеріс ендіруіміз керек. Таңбаға өзгеріс ендіретін болсақ, онда оның емле-ережеге әсері қандай болмақ, алдымен соны ойлауымыз керек. Бұл – тіл мамандары мен әдіскерлердің шешетін мәселесі.
Әліпбидің басты ғылыми принципі – қазақ тілінің төл дыбыс құрамын анықтап алу. Сонан соң таңба перцепциялық (естілім) емес, артикуляциялық (жасалым) принципке сүйеніп алынуы керек. Таңба қазақ сөзінің морфем құрамын, буын тұрқын, тасымал ретін бұзбайтындай болу керек. Қазақ сөзінің орфоэпиялық үлгісі ескерілді.
Ол үшін, ең алдымен, қазақ тілінің төл дыбыстарының басын ашып алуымыз керек. Бұл жай ғана айтыла салған сөз емес. Болашақ қабылданатын латын әліпбиінің негізі де осы төл дыбыстарымыз болуы керек.
Ғалым, марқұм Әлімхан ЖҮНІСБЕКТІҢ пікірінен үзінді