АНА ТІЛІМ — АРДАҒЫМ

Әлемде өмір сүріп жатқан әрбір халықтың өзіне тән рухани құндылықтары бар. Олар — Отаны, тілі, салт-дәстүрі және басқалар. Бұл құндылықтардың әрқайсысы  адамзат өмірінде ойып тұрып орын алатын қасиетті ұғымдар. Осы баға жетпес рухани ұғымдардың ішіндегі Тіл бүкіл адамзат үшін қадірлі де қастерлі дүние. Тіл — ең алдымен қарым-қатынас құралы.

    Дүние жүзінде жеті мыңдай тіл бар. Яғни, әр халықтың, әр ұлттың жанындай жақсы көріп, ардақтап, аялайтын үш бақыты болса, соның бірі — туған тілі. Ана тілі адам бойына жүре келе дарымайды. Ол аяулы ананың ақ сүтімен дарып, кемеңгер әкенің тәрбиесімен дамиды.

    Мен — қазақпын. Менің Отаным — Қазақстан. Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі — қазақ тілі. Қазақ тілі — ғаламдағы ең бай, әдемі, құлаққа жағымды естілетін, жүректі баурайтын, терең мағыналы құдіретті сөз. Осынау кемел тілді құлағым ең алғаш рет естіп, қаныма сіңіп, аузымнан сөз құралған. Тарыдай болып мектеп табалдырығын аттап, нұр болған асыл тіліміздің арқасында, бар білімнің бастауы болған, әріпті жекелеп жаттап, ежелеп екі сөздің басын қосып оқып, қараңғы қапас көкірегімізге қазақтықтың өшпес шоғын тұтатқанбыз.

    Айбарлы қазақ тілінің қаймағы бұзылмай мәртебесі асқақ болып келуі қатты қуантады. Бөтен сөзбен былғанбаған қазақ тілі  кезінде топтан озған сәйгүліктің кейпінде еді. Елді дала заңымен басқарған хандарымыз, билер мен шешендер, батырлар мен қара халық ана тілдерінде сөйлеп, өз тілдерінде ойланған. Аузы дуалы билеріміз қойнауы қасиетке толған дара тіліміздің арқасында талай дау-жанжал, соғыстарды шешіп отырған. Батырларымыз өз тілінде ұрандап жауға шауып, ақындарымыз қарсы келген қарсыласты қара сөздің күшімен тоқтатқан. Қазақ тәубасын ұмытып, басынғанды қара сөзбен жылатқан, қайғы келіп қиналғанды ана тілмен жұбатқан.

    Бұл менің ана тілім, Абай, Шәкәрім, Мұхтар, Махамбеттер сөйлеген дара тілім. Қазақ тілінің құдіретіне таңқалып таңдай қаққан әлемнің аудармашылары, бұл тұлғалардың жырларын аударуға қауқары жетпегендіктерін айтып, ана тіліміздің ұлылығын мойындаған.

    Атамекен жері, тілі, діні үшін жан берген текті бабалардан ана тілдің қадіріне жетіп құрметтейтін, кешегі от ауызды, орақ тілді би-шешендер мен батыр, ақындарымыздың ізін жалғап, отын өшірмей, шоғын үрлеп келе жатқан таза қазақпен өз тілінде сөйлеуге арланатын, тілі жаңа шыққан баладай шүлдірлеп, өзге тілдің шашбауын көтеріп жүрген шала қазақтар тарауда. Екінші топтағы жандарды мен қазақылықтан көкірегі рухани нәр алмаған, ана тілдің мәртебесінің төмендеуіне үлесін қосып жүрген мәңгүрт адамдар тобына жатқызамын. Біз 30 жылдық тарихы бар тәуелсіз ел болғанымызбен, тіл мәртебесі әлі толығымен шешілген жоқ.

    Қазақ тіліміздің мәртебесін көтеру үшін әрбір қазақ азаматы, қай жерде, қандай ортада болмасын ана тілінде сөйлеулері керек. Билік басындағылардан бастап, таяқ ұстаған қойшыға дейін тек қазақ тілінде сөйлесін, қазақ тілінде ойласын. Тілдің құқығын қорғай отырып, шала қазақтар мен басқа да Қазақстанда тұрып, осы елдің нанын жеп, бірақ мемлекеттік тілді білмейтін, үйренуге талпынбайтын азаматтарға, қазақ тілінде сөйлеуге жағдай, орта туғызуымыз керек. Ана тілдің тағдырына келгенде, кішіпейілділік пен қонақжайлылықты қойып, әркімнің ығына жығылмай, тек өз тілімізде сөйлегеніміз абзал. Сонда ғана қазақ тілінің мәртебесі көтерілмек.

   

НҰРБЕК Тағай,

Т.Бердияров атындағы №20 жалпы орта мектебінің

орыс тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі.

Түркістан облысы, Келес ауданы.