ТӘУЕЛСІЗДІК — ТҰМАРЫМЫЗ, БІЛІМ НҰРЛЫ ШЫРАҒЫМЫЗ

Қазақ Елі тарихындағы ең маңызды оқиға Ел тәуелсіздігі жарияланған күн екені даусыз. Сондықтан да Тәуелсіздік күні елімізде жыл сайын 16 желтоқсанда ерекше салтанатпен тойланатын жалғыз ұлттық мереке болып табылады. Тәуелсіздік күні туралы мемлекетіміздің негізін қалап, 30 жыл басқарған, жарқын бастамаларын жүзеге асырып, ел бірлігін сақтаған, халық сенімін ақтаған Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтан  артық ешкім айта алмайды деп ойлаймын. «Біз 1991 жылы 16 желтоқсанда Тəуелсіздігімізді жер жүзіне жариялап, күллі əлемге паш еттік. Алдымен көне түріктің бөрілі байрағының мұрагері – Көк Туымызды Біріккен Ұлттар Ұйымының төрінде желбіреттік. Əнұранымызды əлем көгінде əуелеттік, Елтаңбамызды мəңгілік мөрге айналдырдық. Төл теңгемізді енгізіп, Ата Заңымызды қабылдадық, Қарулы Күштерімізді құрып, Шекарамызды шегендедік. Мемлекеттік тілімізді əлемнің ең биік мінберінен сөйлеттік. Біз 1500 жыл бұрын Күлтегін ұстынында жазылған «Мəңгілік Ел» ұғымын жалпыұлттық идеяға айналдырып, ЕЛДІГІМІЗДІҢ 15 ҒАСЫРЛЫҚ ТАМЫРЫНА НƏР БЕРДІК, мəңгі жасыл етіп гүлдендірдік. Терең тарихымыз бен мыңжылдық болашағымызды сабақтастырып, Мəңгілік Ел болудың дара жолына түстік» деді Елбасымыз Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған салтанатты жиында сөйлеген сөзінде. Біз зулап өтіп жатқан уақытты тиімді пайдаланып, әрдайым алға баса беретін, кемел келешегіне сенетін қайсар халықпыз. Әрбір сәті жасампаздықтың жарқын көрінісіндей жылдар жылжып барады. Қазақ Елі тәуелсіздік жылдарында сан ғасырлық жолдан өтіп, қаншама биік белестерді бағындырды.

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Енді санаулы күннен соң біз Тәуелсіздіктің 30 жылдығына қадам басамыз. Бұл – ел дамуындағы аса маңызды белес, тарихи меже. Сондай-ақ, жетістігімізді саралап, болашағымызды бағамдайтын кезең. Келер жылғы мерейтойлық іс-шаралардың мазмұнына ерекше мән береміз. Оның әрқайсысы терең мағыналы және қоғам үшін пайдалы болуға тиіс. Сонымен қатар, өскелең ұрпаққа тәлім-тәрбие беруі шарт»  деп атап өтті. Тәуелсіздік жылдарында толағай табыстарға қол жеткізген Қазақ Елінің әрбір азаматы бақытты деп ойлаймын. Бақыт бағасын білгеннің ғана басында тұратыны белгілі. Ата-бабаларымыз аңсаған азаттығымызды бағалай білуі үшін жас ұрпақ тәуелсіздік тарихын терең түсінуі керек. Тәуелсіздігімізді жариялағанымызға аз ғана уақыт болса да біз сан мыңжылдық тарихы бар ғажайып елміз деп мақтанышпен айта аламыз.

1969 жылы Қазақстанның Есік қорғанынан табылған Алтын адам біздің терең тарихы бар ел екенімізді дәлелдеді. Алтын адам киімі 4 мыңға жуық алтын әшекейлермен безендірілген. Алтын адамның тұлғасы Алматының бас алаңына орнатылды, төбе бөркіндегі қанатты тұлпарлар бейнесі Елтаңбамызға енді. Алтын адам – Қазақстанның азаттық символына айналды.

Біздің дәуірімізден бұрынғы 1 мыңжылдықта өмір сүрген Сақ тайпаларынан бастау алатын тарихымызды еліміздің әрбір азаматы мақтан тұтуы тиіс.

Тәуелсіздік жылдарында елімізде білім саласы басым бағытта дамып,  әлемдегі озық елдердің қатарына қосылып келеміз. Елбасымыздың бастамасымен жүзеге асып жатқан «Болашақ» бағдарламасы бойынша 1993 жылдан бері 13 мыңнан аса жас шетелдердің іргелі білім ордаларында білім алып, заман талабына сай білікті маман болды. Бүгінде олар еліміздің білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, ғылым мен техника салаларында, мемлекеттік қызметтерде табысты еңбек етіп жүр. Назарбаев Университеті әлемдегі беделі биік оқу орнына айналды. Еліміздің барлық мектептері жаңартылған білім мазмұнына көшірілуде. «Педагог мәртебесі туралы» заң қабылданып, ұстаздардың жалақысы жыл сайын 25% көбеюде. Тәуелсіздік жылдарында елімізде 1500-ден аса мектеп салынды. Алдағы 5 жылда тағы жаңа 800 мектеп салынады деп жоспарлануда. Соның арқасында апатты және үш ауысыммен оқытатын мектептер  мәселесі толық шешілетін болады. Тәуелсіздік-тұмарымыз, білім –нұрлы шырағымыз.Таң шапағындай шуақты Тәуелсіздігіміздің арқасында Қазақ Елі қуатты мемлекетке айналып келеді. 2 млн. 724,9 мың шаршы шақырым аумақты алып жатқан еліміз әлем елдері арасында жер көлемі бойынша тоғызыншы орында. Асқар таулары, жайнаған баулары бар, көлдері мен шөлдері, көктемге құлпырған белдері бар ұлан байтақ жерімізді көздің қарашығындай қорғау Қазақ Елінің әрбір азаматының қасиетті борышы болып саналады. Қазақ Елін берекелі болашаққа бастаған Тәуелсіздік мерекесі құтты болсын!

Алтаева Зубайра Кеңесқызы,

Түркістан облысы адами әлеуетті дамыту басқармасының бас маманы.