Армения парламенті Пашинянды премьер-министр етіп сайлай алмады
Арменияда оппозиция лидері Никол Пашинян Үкімет басшысы болып сайлана алмады. Премьер-министрлікке жалғыз үміткер болған оппозиция лидерінің үміткерлігіне Армения Республикалық партиясының депутаттары қарсы дауыс бергендіктен тиісті дауысты жинай алмады.
Жалпы 53 дауыс жинау керек болған Пашинянға 45 адам дауыс берді. Конституцияға сәйкес, жеті күннен соң премьер-министрді жаңадан сайлау шарасы өтеді. Екінші турда үміткерлерді жеке фракция емес, депутаттардың жалпы санының үштен бір бөлігі таңдайды. Үкімет басын бұл жолы да сайламайтын болса, Ұлттық отырыс автоматты түрде тарқайды.
Ел парламентінің премьер-министрді сайлай алмағаны туралы хабардан соң Пашинянның жақтаушылары Ереванда шеруге шығатынын мәлімдеді.
Айта кетейік, 13 сәуірде Армениядағы жаппай шеру акциясын басқарған Пашинян – премьерлікке жалғыз үміткер. Оны оппозициялық «Елк» фракциясы ұсынды. Демонстранттар 23 сәуірде елдің бұрынғы премьер-министрі Серж Саргсянды лауазымынан босатып, оның орнына Пашинянды үкімет басы етуді талап еткен.
«Елк»-тің үміткерін «Царукян» және «Дашнакцутюн» атты екі фракция да қолдады. Бұл үш фракцияның депутаттарымен қоса Армения Республикалық партиясының тағы 6 депутаты Пашинянға дауыс беруі керек еді. Партия басшысы Ваграм Багдасарян бұған дейін «үш фракция Пашинянды қолдаса, Республикалық партия бөгет келтірмейді» деп мәлімдеген.