АСТАНА — ҚАЗАҚСТАННЫҢ КЕҢЕЙГЕН КӨКЖИЕГІ
2000 жылдардың басында отандық және шетелдік бизнес Астана құрылысына жүздеген миллион доллар инвестиция салды. 2007 жылға қарай Астананы салуға және абаттандыруға 400 отандық компания мен 100 өнеркәсіп кәсіпорны атсалысты, ал құйылған инвестиция көлемі 5 миллиард доллардан асып кетті.
Елорданы жеделдете дамытудың пәрменді факторы ретінде 2001 жылы Елбасының Жарлығымен құрылған «Астана – жаңа қала» еркін экономикалық аймағын атап өтуге болады. Бұл шешім содан бергі он бес жылда елорданың жалпы аймақтық өнім көлемінің 45 есе дерлік өсуіне (1998 жылғы 60,5 миллиард теңгеден 2013 жылғы 2,7 триллион теңгеге дейін) ықпал етті. Тек кәсіпорындар ғана емес, жекелеген адамдар да өз қабілет-қарымын байқап көру үшін, кәсіби және тұлғалық тұрғыдан өсу үшін жаңа мегаполиске үміт арта бастады. Мұның өзі жаңа мүмкіндіктерді пайдалану мақсатында мыңдаған адамдардың елордаға ағылуына ұласты. Көші-қон қарқынының қандай екенін мына статистикаға қарап білуге болады: 2000 жылдан 2013 жылға дейін Астана тұрғындарының саны 300 мыңнан 800 мыңға дейін, яғни екі еседен артық өсті. Елорданың Қазақстан халқы үшін әлі де бәсеңдемей отырған тартымдылығында тек іскерлік астар ғана бар деп түсінбеген жөн. Астана – өмір сүруге өте қолайлы, дамыған инфрақұрылымға, мансаптық жағынан ғана емес, мәдени демалыс тұрғысынан да әртүрлі мүмкіндіктерге ие қала: астаналық театрлар, кинотеатрлар, концерт залдары, мейрамханалар, сауда және ойын-сауық орталықтары, спорт алаңдары сан алуан талап-тілекті де қанағаттандыра алады. Астана елдің барлық өңірлерімен және күллі әлеммен автомобиль, әуе және темір жолдары желісі арқылы сабақтаса байланысқан. Бұл – Орталық Азиядағы ең ірі көлік торабы. Теміржолдың жаңа жүйесі жасалып, еліміздегі ең алғашқы «Астана – Бурабай» автобаны ашылған соң, бұл тораптың маңызы бұрынғыдан да арта түсті.
Қазір бүкіл Қазақстан экономикасы қарқынды даму үдерісіне ілесті. Бұған Астананы ауыстыру туралы шешім аз ықпал еткен жоқ. Шеті-шегі жоқ ұзақ жолдың – Қазақстан Республикасының тұрақты даму және өрлеу жолының бастауы да осы. Алатаудың қарлы бөктерінен Есіл жағалауына көшіп, ұшы-қиырсыз ұлан-ғайыр Қазақстанның даму қарқынын айқындап отырған Астананың даму жолы да сол.