АСТАНАДА НЕГІЗІ ҚАЛАНҒАН ЕУРАЗИЯЛЫҚ ЭКОНОМИКАЛЫҚ ОДАҚ

2012 жылдың желтоқсан айында Қазақстан, Ресей және Беларусь басшылары үкіметтерге ЕАЭО туралы келісім жобасын дайындауды тапсырды.
Жобаның әрбір сөзін жеке талқылап, өзара келісу жөнінде ауыр да қауырт жұмыс басталды. Елбасы – қазақстандық делегацияның экономикалық интеграцияны саясиландыруға жол бермеу, ЕАЭО ұйымдарындағы тең мүмкіндіктер, шешімдерді ортақ мәмілеге келіп қабылдау, келісімнен шығу мүмкіндігі, конституциялық құқықтардың үстемдік құруы, үшінші елдер алдындағы егемендік теңдік және аймақтық тұтастық міндеттемелерінің сақталуы, ұлттық мүдделердің ескерілуі сияқты барынша дәл нұсқауларын айқын көрсетті. Бұлардың барлығын да біздің келіссөз жүргізушілер мүлтіксіз орындады.
Тарихи салтанатты рәсім Астанадағы Тәуелсіздік сарайында 2014 жылдың 14 мамырында өтті. Ресей Федерациясының президенті В.В. Путин және Беларусь президенті А.Г. Лукашенкомен бірге көптеген жоғары мәртебелі қонақтардың көзінше салтанатты жағдайда Еуразиялық экономикалық одақ туралы келісімге қол қойды.
ЕАЭО туралы келісімге ЕврАзЭО (2000 жылы) келісімі тәрізді Астана қаласында – Еуразияның төсінде және әлемнің ең жас астанасында Еуразиялық одақ құру туралы 1994 жылы Н.Назарбаев ұсынған идеяға тура 20 жыл толған кезде қол қойылуы символдық мәнге ие болды.

Астанада қол қойылған Еуразиялық экономикалық одақ туралы келісім – 2015 жылдың 1 қаңтарында күшіне енді, бұл оның алғашқы іскерлік қадамы еді. Еуразиялық экономикалық одақ әу бастан-ақ өзге мемлекеттердің қосылуы үшін ашық болды. Сонау 2011 жылы Кедендік одақ пен ЕАЭО-ға қосылу жөніндегі ойын Қырғызстан, ал 2013 жылы Армения білдірді. Бұл елдердің қосылуы бойынша «Жол карталары» жасалды. Нәтижесінде Армения ЕАЭО-ға – 2014 жылдың қазан айында, Қырғызстан – 2015 жылдың тамызында қосылды.
Еуразиялық интеграцияның экономикалық әлеуеті зор. Ұлттық экономика көлемі 2,2 триллион долларды құрайды, халық саны – 182 миллион адамнан асады. Кедендік шекаралардың болмауы бизнесмендерге
көлік шығындарын азайтып, жүк тасымалын жеделдетуге мүмкіндік берді.
Өнімнің бәсекелестігі артты. ЕАЭО-ға қатысу – білім беру, кәсіби, әлеуметтік, медициналық тең мүмкіндіктерге ие барлық азаматтарға табыс әкеледі. Лев Гумилевтің 100 жылдық мерейтойын атап өту – мәдени маңызды
оқиға ретінде 2012 жылы қараша айында еуразиялық интеграцияға қатысушы елдерде кеңінен аталып өтті.

Әрине ЕАЭО-ның бастапқы кезеңінде, жаһандық тұрақсыздық жағдайында бәрі де ойдағыдай жүріп кеткен жоқ. Сондықтан да 2015 жылы наурыз айында Елбасы ЕАЭО-ның тарифтік саясаты шиеленісті күйде екенін, ал
тарифтік емес кедергілер әлемдік тәжірибеге сәйкес еместігін ашып айтты.
2012 жылдың мамыр айында Астана қаласында Вьетнаммен еркін сауда жөніндегі келісімге қол қойылды, ал желтоқсан айында мемлекет басшылары ЕАЭО мен Жібек жолы экономикалық белдеуін ұштастыру мүмкіндігін
қарастырды. Қытаймен ынтымақтастықтың «Жол картасын» жасау жұмысы
басталды. 2014-2015 жылдары өзара тату елдердің күш-жігерінің арқасында әлемде жаңа экономикалық ахуал – ЕАЭО пайда болды.