АСЫЛ АНАЛАРДЫ, АЯУЛЫ ҚЫЗ-КЕЛІНШЕКТЕРДІ ШЫН ЖҮРЕКТЕН ҚҰТТЫҚТАЙМЫЗ!

«Қамшы» порталы ұжымы «8 наурыз Халықаралық әйелдер мерекесімен» барша аналарды, аяулы аруларды құттықтайды. Отбасыларымыздың ұйытқысы, көңілдеріміздің гүлі, дастарханымыздың  берекесі болып отырған барша нәзік жандыларға әйел бақытын тілей отырып, «Қамшы» порталы Мерекеге орай асыл жандарға, қыз-келіншектерге арналған танымал өлеңдер топтамасын оқырман назарына ұсынады.

Төлеген Айбергенов  –  «АНА»

 

Арманыңды ақтармын ба жүрегімде тербесем?

Айға сіңілі, қарындассың қасиетті Жерге сен.

Мен өзіңді теңдесі жоқ құдірет деп түсінем,

Сендік қуат мың есе артық Жердің тарту күшінен.

 

Сұлу әлем, әлем сұлу сен жаратқан адаммен,

Көк жолының қарсылығын қағып тастап барам мен.

Сендік қуат болар, бәлкім, басын иді көк маған,

Әркез сенен туғанымды есіме алсам, тоқтаман.

 

Ал ұмытсам, ұмыт болып қаларымды білемін,

Ұмыт қалмау үшін менің шарқ ұрады жүрегім.

Шат жүріп-ақ қас қаққанша боламын мен шерменде,

Жетім емес кей ананың жетімдігін көргенде,

 

Көз алдымда жас дөңгелеп булығам да ызадан,

Маған тіпті сөз келмейтін ұяттардан қызарам.

Бұл дүниеге онсыз-дағы кеткен жоқ па көп есең,

О, аналар, кей пасықты жаратасың неге сен?!

 

 

Тасбауырлар дүниеге келсін де, тез кетсін де,

Әлде өзгелер ондайлардан жиіркенсін дейсің бе?

Қай кеудені жылытады лапылдаған отпенен,

Өз кеудесін жылытуға құдіреті жетпеген.

 

Анаң саған керек болса, балаңа да сен керек,

Кезекпенен ауысатын ғұмыр ғой бұл дөңгелек.

Ана керек, о, адамдар, ана керек адамға,

Анасыздар аң сияқты күн кешіп жүр ғаламда.

 

 

Пікірімді ұнатпаған таптық та дер дананы,

Даналықтың қажеті жоқ сыйлау үшін ананы!

 

***

Мұқағали Мақатаев – «Шеше, сен бақыттысың»

 

Шеше,

Сен бақыттысың!

Жыламағың.

Жай түсіп жатқанда да құламадың.

Тәңіріңнен мен едім ғой сұрағаның,

Сондықтан жыламағың, жыламағың!

 

 

Бармын ғой,

Тірімін ғой,

Қасыңдамын.

Өлмеймін, мен өзіңдей асылданмын!

Таусылып, өз-өзіңнен шашылмағың,

Байырғы берекеңді қашырмағың!

 

 

Мен сенің қанықпын ғой көз жасыңа,

Өзім кепіл тот басып тозбасыма.

Екі жыр жазсам саған бірін арнап,

«Шеше» деп жаздым ылғи сөз басына.

 

 

(Тәңірім кеше көрсін кесірімді.)

Аспанға жазам сенің есіміңді!!!

Шеше!

Сен бақыттысың, тербете бер,

Құба талдай иілген бесігімді…

 

***

Жұмекен Нәжімеденов – «Ана»

 

Бесікте – Ана,

бесікте – бөбек:

Бірі тербеледі, бірі тербетеді.

Бал-бөбек былдыр, өсіп те келеді,

Анаға жалғыз, сол жетеді.

 

Ана, Ана, қайран, ана!

Тербейді Ана әлемдегі күлкіні,

Нұр себеді аналардың кірпігі

өліге де ояуға,

Ана дайын біреу үшін жылауға,

біреу үшін аяуға.

Тербейді Ана қуанышты, бақытты,

тербейді Ана – тебіренеді жаны шын.

Тербейді Ана уақытты;

Барлық әлем – бір-ақ бесік Ана үшін.

 

Тербейді Ана бөбегін,

Сол арқылы тербетеді өз елін,

Құмын, тауын, өзенін.

Тербейді Ана көлеңкені, шуақты –

Планетаның алақаны сияқты…

 

***

Қадыр Мырза Әлі – «Ана»

 

Бәрі де, Ана,

Бір өзіңнен басталды.

Сен деп жаздым алғаш өлең-дастанды.

 

Қуандым ба,

Өзің бар деп қуандым.

Жыладым ба,

Өзің жоқ деп жас тамды.

Бәрі де, Ана,

Бір өзіңнен басталды.

 

 

Жанарыңнан көрдім алғаш аспанды.

Еркелесем, бір өзіңе еркелеп,

Жасқандым ба,

Тек өзіңнен жасқандым.

 

 

Алғашқы дәм, ол да сендік сүт еді,

Ақ сүт берген қашан да үміт күтеді.

Отанымның өзі сенен басталып.

Жауларыма жеткен жерден бітеді.

***

 

Тұманбай Молдағалиев  – Әйел — сенің ақылшың

Сенікі ме, менікі ме сонау гүл,

Арман үшін жүрміз жазып алау жыр.

Жат біреуге бақыт болып туатын,

Әйелдерді еркелеткен жөн-ау бір.

 

 

Әйелді ылғи еркелеткен ер оңар,

Әйелдерсіз тірлігіміз не болар?

«Қой» дейтұғын қожаң егер болмаса,

Еркек байғұс азып-тозып жоғалар.

 

 

Әйел – сенің аспазың да күтушің,

Әйел барда биіксің де бүтінсің.

Әйел барда жалынсың – сен, отсың – сен,

Әйел жоқта бықсыған сен түтінсің.

 

 

Әйел – сенің ақылшың да, айбарың,

Ол барында естімейсің қайғы әнін.

Әйел – сенің күзетшің де, сақшың да,

Әйел – сенің мерекең де, мейрамың.

 

Әйел сені, сен әйелді сүйгенсің,

Сен әйелден, әйел сенен сый көрсін.

Өз елінің ұлы болам деген жұрт,

Әйелдерге құл болуды үйренсін.

 

 

Әйел, әйел – арман әні, жол әні,

Дүниенің кешкі қоңыр самалы,

Әйел сені құл қып алмай алдымен,

Құдай құлып көтермейді жоғары.

 

 

Сыйла әйелді, жоғарыдан бер орын,

Көтер оның мерейі мен беделін.

Өз қызыңды сыйлағаның ол сенің,

Өз анаңды мәңгі құрметтегенің.

***

 

Жұбан Молдағалиев. Мен қазақ қыздарына қайран қалам!

 

Мен қазақ қыздарына қайран қалам

Мен қазақ қыздарына қайран қалам,

Жанары жаны жаздай жайраңдаған.

Қыз өссе-елдің көркі-деген сөзді,

Қапысыз қалай айтқан қайран бабам.

 

Намысын бермеу үшін жатқа қолдан,

Арулар аз болды ма атқа қонған.

Көңілде қалған сыз бар өткен күннен,

Өмірде қалған із бар Ақтабаннан.

 

Жасырмай айтар болсам жан сырымды,

Тағдырың қарауылға қанша ілінді.

Ерліктің қос қанаты деп білем мен,

Аяулы Әлия мен Мәншүгімді.

 

Сүймеген сені азамат, азамат па?

Көңілің тәрізді аппақ таза мақта.

Бәрін айт, бірін айтта лайықсың,

Қазақтың қызы деген ғажап атқа.

***

 

Мұхтар Шаханов  – Әйелдер

Не толқытса соның мұңын тартасың…
Аурухана ауласында сытырлатып картасын
Жанарында әзіл ойнап жарасты
Маған бір қыз бал ашты:
— Науқастан ба ерініңіз кезерген,
Жазыласыз,
Налымаңыз бекер сіз.
Әйтсе де әйел қауымына ежелден
Немқұрайды қарамайды екенсіз.
Сүюді Сіз ерлік деп те айтасыз,
Онсыз ақын боларсыз ба ой өрген.
Дегенмен Сіз абайлаңыз, байқаңыз,
Бағыңыз да, сорыңыз да әйелден.
— Бәрекелде,
Өркен жайсын талабың,
Сәуегейі сен боп жүрме қаланың.
Бұл бетіңмен ңыгандарды жүмыссыз
Қалдырарсың, қарағым, —
Дедім күліп. Бірақ қыздың байсалды
Әзіл сөзі маған біраз ой салды.
Дүниеге қан тамырдай тарайтын
Жер бетінде әйел жайлы ертек көп.
Әйелдерге немқұрайды қарайтын,
Еркекті мен санамаймын еркек деп.
Қай кезде де сұлулықтың жолы — мұз.
Әйел біздің әзиз байлық қорымыз.
Әйел біздің тағдырымыз,
Тағдырымыз болған соң
Белгілі ғой, бағымыз не сорымыз.
Хас сұлулық әлсіздердің қызғанышын маздатқан,
Ал қызғаныш күрды деп кім айта алады аз қақпан.
Бір әйелге бола кейде ел менен ел жауласып,
Жер жастанған боздақтар.
Оған куә анау төбе томпиған
Анау шындар құлақтары қалқиған.
Сан ұрпаққа тұлға болған ақындар
Бір әйелдің намысы үшін жан қиған.
Мағынасыз жылтырақты сақтамайды ел еске.
Жалын болып жылу болмау,
Әйел болып сұлу болмау
Табиғатты алдаумен тең емес пе?
Гүлзар әйел қауымына сұлулықсыз бақ қайда,
Шын сұлулық тереңдікте жатпай ма?
Қайырлатқан кемесін талай ердің
Саяз көлғе шашылмағай шұғылаң.
Тереңдігі жоқ әйелдің
Қорқу керек сыртқы сұлулығынан.
Әйел — еркек намысының қорғаны.
Нағыз сұлу әйел табу —
Бүкіл еркек атаулының арманы. —
Нағыз сұлу әйел үшін қажет кезде жан қию,
Бұл — жігіттік кодекстің жазылмаған тармағы.
Бірақ, бірақ талайлардың бақыты алыс, сорынан,
Бұл кез келген бөріктінің келе бермес қолынан.
Ерлік семсе азаматтық семеді.
Үлкен ерлік үлкен күшке келеді.
Маған ғашық бір әйел бар.
Ол әйел
Менде сондай күш барына сенеді!

 

Жүрсін Ерман  – Әйел

Қай жерде, мейлі, қай елде,

Әлемнің мәні — әйелде.

Мықтымын десең ойыңды,

Әйелге барып дәлелде.

 

 

Әйелсіз айтпан әнді мен,

Әйелмен дәмді әңгімем.

Сүйкімді болсаң шынымен,

Әйелің сүйсін алдымен.

 

 

Әйелге мәлім көп сырың,

Сүрінсең — әйел деп сүрін.

Халыққа сыйлы болмайсың,

Әйелге болсаң жексұрын.

 

 

Әйелсіз қонды бақ қашан,

Әйел деп түстік отқа сан.

Әлемнің тілін таппайсың,

Әйелдің тілін таппасаң!

 

Ананың сорып емшегін,

Басылған талай келсегің.

Бәдік боп өмір кешесің,

Бермесе әйел женьшенін.

 

 

Болмасын әйел назалы,

Болмасын әйел жазалы.

Кеудесін қаққан талайдың,

Әйелден болған ажалы!

 

 

Әйелден ыстық от бар ма?

Әйел деп түстік көкпарға.

Қарғағың келсе біреуді,

Әйелің өлсін деп қарға.

 

 

Әйелмен құның өлшенер,

Құдайдан кейін сол — шебер.

Бақытты сен де болмайсың,

Әйелің сорлы болса егер.

 

 

Сырыңды соған ашасың,

Шөліңді содан басасың.

Адамның күні — Әйелмен,

Әйелдер мәңгі жасасын!

***

 

Іңкәрбек Қажымұқан  – Қыз сұлулар

 

Әсемдікпен сән берген дүниеге,

Қыздар шіркін қызғалдақ көктемдегі.

Бәрі сұлу қыздардың! Сыры неде?

Мақпал шашты аймаласын көктем желі!

 

Қыз көргенде туады жырым неге?

Бір желікті басалмай өкпемдегі.

Сұлу десем қалайша мұның деме?

Бұл сезімді барлық жігіт өткергенді…

 

Жүректерге көп құпия жинадыңдар.

Өзі ашсындеп біздерді қинадыңдар.

Сондықтанда жалынды жырларым бар,

Нұрланыңдар, қыз шіркіндер, нұрланыңдар!

 

 

Мейлі қалсын құпия бір сырың бар.

Сол сырыңды ұғынуға ынтығым бар.

Дүниенің нұры қыздар, ҚЫЗ СҰЛУЛАР,

Құлпырыңдар, қыз шіркіндер, ҚҰЛПЫРЫҢДАР!

«Қамшы» сілтейді